Жақында аудандық полиция бөлімінде жиналыс өтіп, оған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Арыстанов, бөлім бастығының орынбасарлары мен учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
Алдымен сөз алған бөлім бастығы Асхат Арыстанов:
– Полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары. Қашанда ел тыныштығын күзетіп, абыройлы қызмет етіп келе жатырсыздар. Ел сенімін ақтап, әрдайым халық тыныштығын қорғау басты міндетіміз. Бүгінде Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес орта басшы құрамына арнаулы атақтар беріліп отыр,- деді.
Одан соң аудандық полиция бөлімі жедел-криминалистикалық тобының криминалисті, полиция лейтенанты Ринат Әжіғалиев пен жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция бөлімшесінің аға қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Руслан Бекназаровқа полиция аға лейтенанты шенін табыс етті. Ал, Асхат Құлбаев - аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Асхат Салауатұлы - 2009 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ақтөбе заң колледжін тәмамдағаннан кейін аудандық ішкі істер бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінде лицензиялық рұқсат беру жүйесінің инспекторы қызметтерін атқарған.
Мінсіз қызметі үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Полиция майоры.