Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елді тыныштыққа шақырды

Құрметті отандастар!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі ахуалға алаңдаушылық білдіріп, ел тұрғындарын тыныштыққа шақырады. Мәселенің оң шешімін табуын тілеп, елдің тыныштығы үшін дұға жасауға үндейді. Өйткені біз үшін дәл қазіргі уақытта елдің амандығы, жұрттың тыныштығы қымбат.

Мұсылман қай кезде де бейбітшілікті, тыныштықты, татулықты өзіне серік етеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген болатын. Сондықтан бәріміз үшін осындай сын сағатта мемлекетіміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы, тәуелсіздігіміздің баянды болмағы маңызды.

Қадірлі ағайын!

Халық арасындағы бірлігімізге сызат түсіретін жағдайға бой алдырмайық, арандатушылыққа жол бермейік. Сабырға келіп, бірлік сақтап, елдегі ахуалдың түзеліп, жағдайдың тұрақтануына сеп болайық. Ақтамберді жырау «Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет, Бірлігіңнен айырылма, Бірлікте бар қасиет» деп жырлаған болатын.

Мұндай жағдайда өзара сенім білдіру, ақылға жүгіну, тәртіпсіздікке бой алдырмау аса маңызды. Себебі біздің елдің тірегі де, тілегі де – бейбітшілік пен береке-бірлік.

Дана халқымыз айтқандай, «Байлық байлық емес, бірлік – байлық». Алла Тағала халқымызды алауыздықтан сақтап, бірлігі жарасқан Мәңгілік Ел болуымызды нәсіп еткей! Жаратушы Иеміз елімізге құт-береке дарытсын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT