Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қазақша ән салған - Александра

Бүгінгі таңда мемлекетіміз үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алғалы баса мән берілді. Биыл бірегей институт - Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл толып отыр.

Тағы айта кетерлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Тәуелсіз мемлекетіміздің қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша қызметті атқарып келе жатқан Конституциялық орган - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Әлемдік өркениетке жүзден астам ұлттың бір мемлекетте келісімді өмір сүру өнегесімен танылған Ассамблея институтының өміршеңдігі, танымалдығы, нәтижелілігі этнос басшылары, қоғам және ғылым қайраткерлері, белсенді жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен адалдығының нәтижесі. Осы орайда, орыс ұлтының өкілі, жерлесіміз, журналист, әнші Александра Ревковамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

- Александра Алексейқызы, ең алдымен өзіңіздің жеке дерегіңізді айта кетсеңіз?

- Мен Ревкова Александра Алексейқызы Сағыз ауылында дүниеге келіп, сол ауылдағы Кенбай орта мектебінде білім алды. 11-сыныпты оқып жүргенімде «Жарқын болашақ» атты фестивальға қатысып, содан бас жүлде иеленіп, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетіне тегін оқу грантын жеңіп алдым. Оқуды аяқтаған соң С.Демирел атындағы университеттің Филология факультетіне журналистика мамандығына оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп, біраз конкурс-байқауларға қатыстым. Соның ішінде, 2008 жылы Атырау қаласында өткен «Ассамблея аруы» байқауына қатысып, бас жүлдені иемденіп, «Ассамблея аруы» атандым. Жалпы бүгінгідей жетістікке жетуім сол мектеп қабырғасынан бастап, аудан, облыс, республикалық ән, көркем сөз оқу байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленуім мені қанаттандырды дей аламын.

- Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл. Осы орайда, өзге ұлт өкілдерінің елдің дамуына қосып отырған үлесі жайлы айтып өтсеңіз.

- Иә, елімізде Ассамблея құрылғалы бері барлық ұлт өкілдеріне көптеген көңіл бөлініп жатыр. Ал, өзге ұлт өкілдері осындай тәуелсіз елдің дамуына қолдарынан келгенше үлестерін қосып жатыр. Әсіресе, қазіргі уақытта ерікті жастарымыздың ісіне қатты қуанамын. Мәселен, орыс, татар деп бөлмей барлығы бірдей көмек жасауда. Сондай-ақ, Ассамблеяның 25 жылдығы қарсаңында өзім көптеген форумдаға, конфеенцияларға қатыстым. Бұл жерде біз өзге ұлт өкілі болғанымызбен жүрегіміз қазақ деп соғады деп ойлаймын. Себебі, біздің алған тәрбиеміз қазақ, араласатын ортамыз қазақ. Сонымен қатар, барлық Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдері қазақша сөйлеуге тиісті. Міне, Қазақстанның дамуына қосқан ең үлесіміз осы болмақ.

- Бітірген мамандығыңыз журналист екен. Алайда, әншілік жолды таңдауыңызға не себеп?

- Адамның ішінде талант деген дүние тұнып жатады. Оны ешқашан тұншықтырып қоя алмайсың. Бітірген мамандығым журналист екенін барлығыңыз білесіздер. Негізінен бұл менің емес, ата-анамның арманы болатын. Сол кісілердің сөзін жерге тастамай, журналистика мамандығын оқып, сол саласында жұмыс жасадым. Айталық, «love» радио, «КТК» арнасында журналист болып қызмет атқардым. Бала күнімнен ән айтқанды, ән тыңдағанды, әншілерге қызыға қарағанды қатты ұнататынмын. Сол бала кездегі арманым орындалды. Әншілік пен қоса, журналистика саласында алып жүрмін. Әншілікке бет бұруыма айтарлықтай себеп жоқ. Сол бала күнгі арманым, оған қоса дауысым бар, сауатым ба неге келмеске деген ой келді. Міне, сол арман мені бәрібір өнер кемесіне жетелеп әкелді.

- Еліміздегі карантин режимі өзіңіз сияқты әншілер мен өнер адамдарына қалай әсер етуде? Онлайн түрде неше концерт бердіңіз?

- Әрине, еліміздегі болып жатқан жағдай жақсы бағытта болып жатыр деп айта алмаймын. Ауырып жатқан барлық бауырларымыздың сауығып, отбасыларына қауышуына тілектеспін. Десек те, күйбең тішіліктің қамымен ақша табамын деген адамдардың өмір сүруі, ағайыннан алшақтауы, ата-анаға балаларының қамқорлық жасамауы барлығы етімізге сіңіп бара жатқандай еді. Карантин режимі бір отбасын шаңырақ астына жинап себебін тигізді. Бұған қоса, иә халықтың арқасында ақша тауып жүрген азаматтардың қал-жағдайы мәз деп айта алмаймын. Оның ішінде той-томалақтан ақша тауып жүрген әншілерде жоқ емес. Сондай-ақ, ірі бизнес саласындағы кәсіпкерлердің де жұмысы тұралап, тіптен жабылу үстінде. Ал, онлайн концерт барысына келсек, бірінші концертімді өткіздім. Екінші концертке дайындық барысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, мен карантин режимінде өзім басқа тіл үйреніп жатырмын және әртүрлі мотивациялық видео, кинолар көріп, ізденіс үстіндемін. Бұл шығармашылық адамдарына таптырмас мүмкіндік. Білім алу ешуақытта артық етпейді. Сол бағытта мен қазір Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп жатырмын.

- Сіз бүгінгі таңда Алматыға белгілі әншісіз. Алдағы уақытта туған жеріңізге концерт беру ойыңызда бар ма? Ауылыңызға қаншалықты жиі келесіз? Ауылдың дамуына өзіңңіздің үлес қосуға көзқарасыңыз қалай?

- Мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке әншісі болып жұмыс жасаймын. Алдағы уақытта, өз репертуарымдағы әндерім жинақталса, міндетті түде өз ауылыма барып концерт беремін. Бұл ойымды ауылдастарымда қолдап, көмек көрсетеді деп ойлаймын. Ауылға жиі бармаймын. Себебі, әншілердің өмірі солдаттар тәрізді концерт деген уақытта сақадай-сай тұруымыз керек. Гастрольдік сапарлармен Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Соның ішінде, әрине өзімнің ауылым ерекше ыстық. Ауылдың көркеюі біз тәрізді жастардың арқасында деп білемін. Сондықтан да қолымнан келгенше өз көмегімді көрсетуге тырысамын. Алдағы уақытта да бұл менің ойымдағы басты орындалуы тиіс міндеттердің бірі болып саналады.

- Жеке әндер жаздырып эстрадаға кету ойыңызда бар ма? Шығармашылық жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз?

- «Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың әндері тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындатып келеді. Ән менің жан азығым. Қазіргі таңда, авторлық әндер жазылу үстінде. Эстрада бағытына ауысатын ойым бар. Ол үшін әрине жоғары да айтқанымдай, жоғарғы оқу орнын оқып, білімімді жетілдіргеннен кейін жүзеге асады. Шығармашылық жоспарлар өте көп. Соның ішінде, былтырғы қыста «Айқаракөз» әніне бейнебаян түсіріп, тыңдарманға жол тартты. Әзірге қоржынымда 1 бейнебаян, 15-тен астам ән бар.

- Сізбен сұхбаттасу барысында, қазақ тілінде еркін әрі анық, таза сөйлейтініңізді байқадым. Бұл ауылда туып-өсіп, қазақы тәрбие алғаныңыздың әсері ме?

- Әрине, ұлтым орыс болса да мен ауылда ата-әжемнен, әке-шешемнен қазақы тәрбие алдым. Өз басым жоғары да айтып өткенімдей Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы дерлік қазақ тілінде сөйлеуге тиісті. Себебі, бұл қазақ ұлтына деген сыйластық деп білемін. Басқа ұлт өкілдеріне өз тілдерінде сөйлеуге, діндерін ұстануға рұқсат етілген тәуелсіз елде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне құрмет көрсетуі керек деген ойдамын. Сонымен қатар, мен өзім қазақ тіліне жетік болғандықтан, басқа да қазақ бауырларымның қазақша сөйлей алмағанына қатты қынжыламын. Қате кеткен жерлері болса түзетуге тырысамын. Әрине, сондай кездерде қарнын қатты ашады. Бірақ, оның алған тәрбиесі бөлек деп өзімді жұбатамын. Алайда, бай тіл қазақ тілін барлығымыз жетік біліп, ана тіліне құрмет көрсетуге шақырамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521