Шүкір, ауылымыз жылдан жылға көркею үстінде.
Ауызсу, газ желілерімен бірге ауыларалық, ауылішілік жолдар салынып, тұрғындар игілігін көруде. Әр көше жарықтандырылып, түнде самаладай жарқырап тұрады.
Алайда, Көздіғара ауылдық округіндегі Б.Доскенжиев көшесінің жарығы наурыз айынан бері жанбай тұр. Оның шамдары жанып кеткенін, әлде басқа да себептермен жанбай тұрғаны белгісіз. Әйтеуір басқа көшелер түнде жарқырап тұрғанда, аталмыш көше тас түнек болып тұрады. Бұл мәселені округ әкіміне екі-үш мәрте айттым. «Ауылда электрик жоқ. Ауданнан келсе қостырып беремін» деген. Бірақ, әлі еш нәтиже жоқ. Ауданнан келген электриктер басқа көшелердің шамдарын ауыстырғанымен аталмыш көше сол қараңғы күйінде қалып отыр. Қанша айтқанмен округ әкімі жұмыстанбай отыр. Сондықтан, бұл мәселені аудандық басылым арқылы көтеруді жөн көрдім. Сондай-ақ, ауылда таксидің жолақысы көтеріліп тұр.
Миялыға бару үшін бұрын 500 теңге еді, қазір жүргізушілер 700 теңгеге көтеріп жіберді. Көздіғара ауылдық округінен Атырау қаласына барғың келсе 3500 теңге төлейсің. Ал, бізден қашық Ойыл ауылдық округ тұрғындары қалаға 3000 теңгемен барады. Жанар жағар майдың бағасы өсті дейін десек, баға сол күйінде тұр.
Сонда жүргізушілердің жолақыны көтеруге не себеп? Әлде, оларды қадағалайтын орын жоқ па? Такси жүргізушілерінің жолақыны негізсіз өсіруіне жол бермей, бір жүйеге келтірсе жақсы болар еді.
Орын ҚАЙРАҚБАЕВА,
«Алтын алқа» иегері