Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қауесетке сенбейік, мамандарға сенейік!

Жарты жылдай уақыт бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясына қарсы вакцинаны бекітіп, жарамды деп танылған бірнеше екпені әлемнің көптеген елі халқына салып жатыр.

Қазіргі таңда мұның нәтижесі анық байқалып отыр. Бұл ретте, ресми деректерге сүйенсек коронавирусқа қарсы екпе егуден әлем бойынша ел тұрғындарының 65 пайызға жуығы вакцина алған Израиль мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елде маусым айынан бастап коронавирус пандемиясына байланысты бұрын енгізілген барлық шектеу алынып тасталды. Тек жабық жерлердегі қоғамдық орындарда бетперде кию талабы мен елге келгендерге карантин кезінде қойылатын талаптардың күші жойылған жоқ. Сондай-ақ, халқының 40-45 пайызы екпе алған Түркия, Испания, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Швейцария, Египет және басқа да мемлекеттерде карантиндік талаптар жеңілдетіліп, көптеген шектеулер жойылды. Елімізде коронавирус індетін жұқтыру қаупін азайту, тұрғындар арасында таралуын тежеу мақсатында екпе жұмыстары ақпан айында басталды.

Қазіргі кезде тұрғындардың ауданға қарасты барлық ауылдық округтердегі медициналық мекемелерде вакцина алу мүмкіндігі бар. Вакцинаның маңыздылығын, індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы екенін түсінген жандар өз еріктерімен екпе алуда. Алайда, бұл бағытта таралып жатқан түрлі қауесеттерге сеніп қалған халықтың басым бөлігі әлі де екпе алуға немқұрайлылық танытуда. Осы орайда, ауданға арнайы іссапармен келген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық қоғамдық кеңестің, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағалары, бөлім және мекеме басшыларымен кездесіп, вакцина туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

– Пандемияға қарсы екпе алу жұмыстарының басталғанына бесінші айға аяқ басты. Ауданда қарқынды басталған екпе жұмысы қазір баяулап барады. Өйткені, жалған ақпараттардың көбірек таралуынан тұрғындар қайсысына сенерін білмеуде. Вакцинаның өз деңгейінде жүруі үшін жұртшылыққа нақты ақпарат жетуі тиіс, - деді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, қоғамда әлі де болса вакцина туралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина туралы небір жағымсыз ой-пікірге, жалған ақпаратқа сеніп алған. Маман айтты ма, жоқ екпеден мүлде хабары жоқ адам айтты ма, мән бермейді. Қазір вакцинаның не екенін білмейтін, бұл саладан хабары жоқ адамдар да ақыл айтып кетті. Бір-бірінен естігенін айтады, сөйтіп халықты жалған ақпаратпен адастырып жатыр. Негізінде, әлеуметтік желілерде тарап жатқан кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сенген дұрыс.

– Қоғамды індеттен сақтау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керек. Әр адам екпе алуға жауапкершілікпен қараса коронавирус індетінен құтыламыз. Ең бастысы қауасет әңгімелерге ермеңіздер. Өкінішке орай жалған ақпаратқа сенушілер қатарында оқыған, тоқыған көзі ашық бірқатар медицина қызметкерлері де бар. Айта кетсем, қаладағы емхананың бірінде жұмыс істейтін бір дәрігер мен бір медбике індеттің салдарынан бақилық болды. Екеуі де емханада вакцина алмаған 20 адамның қатарында болған. Дәрігер бола тұра екпе алу керектігі айтылғанмен, түрлі сылтауларды алға тартып, тыңдамаған. Өмірінің соңында ол дәрігер екпе алмағанына өкініп кетті. Міне, осындай жағдайлардың орын алып, өкінішке ұрынбас үшін баршаңызды екпе алуға шақырамын. Екпе алу әркімнің өз еркі. Дегенмен, денсаулық керек болса, отбасыңыздың, жақындарыңыздың амандығын ойласаңыздар екпе алған дұрыс. Қалай болғанда да індеттен сақтанудың ең тиімді жолы екпе алу екендігін түсінейік. Мен вакцинаның екі компонентін де алдым. Осы уақытқа дейін ешқандай жағымсыз әсері білінген жоқ. Қазір қай ортаға барсам да пандемиямен ауырмайтыныма сенімдімін. Өйткені менде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастырылған, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Кездесуді қорытындылаған аудан басшысы Нұрсұлтан Бисембиев: – Аудандағы негізгі ұжым – ол мектептер. Сондықтан ұстаздар қауымы бұл істің қоғам үшін маңыздылығын жете түсініп, өздері де екпе алып, басқаларға да түсіндірсе пандемияның таралуына жол бермес едік. Індет тыйылса қалыпты өмірге қайта келеріміз анық. Осыны жете түсінейік, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521