Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атыраулық коммерциялық емес ұйымдар өз жобаларына қаржылай көмекті қалай ала алады?

Атыраулық коммерциялық емес ұйымдар өз жобаларына қаржылай көмекті қалай ала алады? «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері жұртшылықпен кездесуде жауап берді.

15 сәуірде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметкерлері коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) өкілдерімен, журналистермен, белсенділермен және Атырау облысы әкімдігі қызметкерлерімен кездесті.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстанның қайырымдылық саласындағы ірі донорларының бірі бола отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан еліміздің барлық өңірінде жобаларды жүзеге асырады.

«Самұрық-Қазына» қорында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауқымды реформалар жарияланғаны аян. Оның ішінде жұмыстың ашықтығы мен айқындығын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік серіктестікті дамыту көзделген.

Осы орайда «Samruk-Kazyna Trust» өңірлерде көбірек жобаларды іске асыруды және бұл бағытта жергілікті азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастықты жолға қоюды мақсат етіп отыр. 

Атыраудағы кездесу жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды ынтымақтастыққа тарту мақсатында ұйымдастырылды.

КЕҰ қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге қауқарлы өз жобаларын бастама етіп көтере алса, қор өз кезегінде орнықты, жүйелі және барынша көп адамды қамти отырып, пайдалы болатын жобаларды қолдауға дайын.

 «Біз бұл кездесуді аймақтық ҮЕҰ-ын жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін өткізуді ұйғардық. Осылайша еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеміз. Бұл тұста қорымыз азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз, Атырау облысының белсенді коммерциялық ұйымдарын ынтымақтастыққа шақырамыз», - деді «Samruk-Kazyna Trust» бас директоры Альфия Адиева.

Кездесуге қатысқан ҮЕҰ өкілдері өздерінде бар жобалар туралы айтып бергеннен тыс, өңірлеріндегі қордың қызметі мен жобаларына қызығушылық танытты.

Қор басшысының сөзінше, «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан көптеген жылдар бойы Атырау облысының дамуына үлес қосып келеді. Мәселен 2018 жылдан бастап өңірде жалпы сомасы 712 млн теңгеден асатын әлеуметтік жобалар іске асырылды.

Бұл қаражатқа қор:

* Атыраудағы есту, көру және ақыл-ой кінәраты бар балаларға арналған 3 түзету мектебін құрал-жабдықтармен жабдықтады;

* Атырауда, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Жылыой және Құрманғазы аудандарында 8 әмбебап алаң орнатты. Аумағы 1 200 шаршы метрден асатын әрбір алаң Workout элементі бар футбол алаңынан, балалар мен спорт аймағынан тұрады;

* жергілікті коммерциялық емес ұйымдарға өзінің әлеуметтік бастамаларын іске асыру үшін «Әрекет» жобасының аясында 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін 18 грант бөлді;

* мұнай-газ саласының 27 ардагеріне қолдау көрсетті;

* облыстың 300 ҰОС ардагеріне және тыл еңбеккеріне көмек көрсетті;

* пандемия кезінде облыстың медициналық мекемелеріне 4 Damas санитарлық машинасын, 3 өкпені жасанды желдету аппаратын, оттегі концентраторлары мен пульсоксиметрлер жеткізді;

* «Атырау облыстық балалар ауруханасы» аясында оңалту орталығын ашып, оны барлық қажетті заманауи оңалту жабдықтарымен жабдықтады;

* «Б. Нысанбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» КММ жанынан инклюзияны қолдау кабинетін ашты;

* Атырауда ерекше балаларға арналған бейімделген спорт түрлерінен 2 секция ашылды.

Қазір қор өңірді дамыту бойынша жаңа бастамаларға ашық екенін мәлімдейді. Өтінімді қалай беру туралы барлық ақпарат сайтта, «Серіктес болу» бөлімінде қолжетімді: www.sk-trust.kz. Сондай-ақ қорда call-орталық жұмыс істейді: +7 (7172) 57-68-98.

 

 

«Samruk-Kazyna Trust»

Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының

Корпоративті қызметі

+7 (7172) 24 80 15, + 7 (702) 531 94 11

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT