Атырауда алаяқ 97 адамның атына онлайн-несиені заңсыз рәсімдеген.
Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилимның айтуынша, соңғы кезде онлайн-несие берумен айналысатын микроқаржылық ұйымдар саны көбейген. Бұған осындай ұйымдардан несие алудың тез әрі оңай болатыны әсер еткен.
«Мұны алаяқтар өз мақсатына пайдаланып, ештеңеге күдіктенбейтін азаматтарға микроқаржылық ұйымдардан онлайн-несиелерді ресімдеуде. Бұл туралы жәбірленушілер өздерінің банктік шоттары бұғатталған кезде немесе сот орындаушыларынан қоңыраулар түскен кезде біледі», -дейді облыс прокурорының орынбасары Абзал Гилим.
Мәселен, «Ч.» деген ер адам бөтен адамдардың жеке мәліметтерін пайдаланып, микроқаржылық ұйымдардан онлайн-несиелерді заңсыз ресімдеген. Оның осындай заңсыз әрекетінен өңірдің 97 тұрғыны зардап шеккен. Қазір алаяқтың заңсыз әрекетіне қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
«Осыған байланысты облыс прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және бейтаныс адамдарға өздерінің дербес деректерін (ЖСН, жеке куәлік нөмірлерін және т.б.) жолдамауға, әлеуметтік желілерде төлем карталарының деректемелерін жарияламауға, күмәнді интернет-ресурстарда өздерінің банктік карталарының деректерін енгізбеуге кеңес береді. Интернет-алаяқтық фактілері анықталған жағдайда азаматтар құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет», -деп мәлім етті Абзал Гилим.