Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда заңсыз балық аулағандарға 15 млн теңге айыппұл салынды

Атырауда жыл басынан бергі 7 айда 15,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Осы кезеңде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 146 іс әкімшілік сотқа жолданған.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Темешованың айтуынша, биылғы 7 айда облыс аумағында балық қорғау заңнамасын бұзудың 1 242 дерегі анықталған.

«Осы кезеңде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 146 іс әкімшілік сотқа жолданды. Заң бұзушыларға 15,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Мемлекет кірісіне 11,7 млн теңге өндірілді. Ал, айыппұлдан жалтарғандың ісі жеке сот орындаушылар құзырына жіберілді. Балық ресурсына залал келтірген браконьерлік фактілеріне қатысты 5 іс құқық қорғау органдарына жолданды. Аталған фактілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, балық ресурсына келтірілген залалды өтеу үшін 15 талап арыз сотқа берілді. Заңсыз айналымнан 7 тонна 394 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 688,5 келі бекіре тұқымдас балығы мен 21 келі шортан уылдырығы бар», -дейді Мәншүк Темешова.

Оның дерегіне сүйенсек, құқық қорғау органдарымен бірлескен рейд кезінде балық қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 44 дерек анықталған.

«Батыс облыстардың аумағында 1 сәуір-31 мамыр аралығында өткен кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы кезінде 1 231 құқық бұзушылық тіркелді. Заң талабын бұзғандарға 54 қылмыстық іс қозғалып, 19,7 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 21,3 тонна балық алынды. Оның ішінде 1 тонна 852 келі бекіре тұқымдас балық түрлері бар. Сондай-ақ, балық аулауға арналған 2 760 ау, 140 жүзу және көлік құралы тәркіленді», -деп мәлім етті Мәншүк Темешова.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT