Бүгін Атырауда ҚР Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандықтары және Қазақстан жазушылары» көшпелі пленумы өтті.
Жиында еңбек адамының көркем әдебиеттегі орнын қалыптастыру, тұлғасын шынайы әрі терең сипаттауға ықпал ету мәселесі талқыланды,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов және Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, БҚО және Атыраудың қылқалам иелері қатысты. Серік Шәпкенов жиын қатысушыларына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.
- Атырау тек батырлар мен жыраулардың емес, сонымен қатар әдебиет пен мәдениеттің жаңа кезеңін қалыптастырған тұлғалардың ордасы болды. Сол мұралардың аясында бүгінгі көшпелі пленумымыздың өзек етіп отырған тақырыбы – еңбектің қасиеті мен еңбек адамының биік мәртебесі. Адал еңбегімен маңдай терін төккен жұмысшылардың бейнесін көркем шығармалар арқылы жаңғырту – бүгінгі әдебиет пен өнердің ұлы міндеті. Өйткені еңбек – әрбір жетістіктің, әрбір тарихи жеңістің бастауы. Қалам мен еңбектің ұлы тандемі арқылы біз өз дәуіріміздің шынайы келбетін жасап, болашақ ұрпаққа өнеге болар асыл қазына қалдырамыз. Сол себепті бұл пленум – тарих пен бүгіннің алтын көпіріне айналатын тағылымды жиын боларына сенемін,-делінген құттықтау хатта.
ҚР Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов пленумның маңызына тоқталып, қазақ жұмысшы табының негізі Атырауда қаланғанын айтып, олардың бейнесін көркем әдебиетте жаңғырту қажетін айтты. - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялаған бастамасы – еңбек адамына деген құрмет. Біз, жазушылар, осы үндеуге үн қосып, қазақ жұмысшысының шынайы, көркем бейнесін жасауымыз керек. Қазіргі буынның міндеті - мың өліп, мың тірілген қазақ деген халықтың тағдырын, ер жүрек мінез-құлқын суреттейтін, кезінде бүкіл әлемды мойындатқан Әуезовтің «Абай жолындай» кесек туындыларды дүниеге әкелу,-деді М.Құлкенов.
Шара аясында өндіріс басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен жазушылардың тұңғыш шығармашылық аукционы ұйымдастырылды. Пленумда белгілі қаламгерлер — Илья Жақанов, Қадір Жүсіп, Төлеген Жаңабаев және Жәниба Қарасаеваға «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы табысталды. Бұл марапат олардың әдебиеттегі ұзақ жылғы еңбегі мен ұлттық руханиятты дамытуға қосқан зор үлесін бағалау ретінде берілді. Сондай-ақ, Мұрат Өтешов, Нұрлыбек Бақтығалиев пен Абай Сағиев Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды.