Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда облыстық ертегілер байқауы өтеді

Ертегілер – халық  ауыз әдебиетінің аса бай мұраларының бірі. Кез келген бала ертегі оқып, тыңдап өседі. Ол ертегілер қарапайым оқиғалар арқылы баланы елін сүюге, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, тапқырлыққа, батырлыққа баулу миссиясын  ғасырлар бойы атқарып келеді.

Дегенмен, заман өзгерген сайын жас ұрпақтың өзіне үлгі тұтатын қаһармандарының да өзгергенін байқап жүрміз. Бұл – бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар заңды құбылыс. Бұрынғы  буындар үшін іс-қимылы түсінікті кейбір кейіпкерлер қазіргі ұрпақтың қызығушылығын тудырмауы да – соның әсері.

Бүгінгі балаларға дәуір тынысына, ғылым дамуына сәйкес пайда болған жаңалықтар әлдеқайда тартымды. Сондықтан, жас ұрпақты ізгілікке, батырлыққа, әділдікке, адалдыққа баулуда және қиялын ұштап, армандарын айқындауға бағыт беретін жаңа, заманауи ертегілер қажет. 

Байқаудың мақсаты:

Баланың қиялына қанат бітіріп, дүниетанымын тереңдете түсетін, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіріп, тұлға болып қалыптасуының негізін қалайтын заманауи ертегілер жазу.

Байқаудың міндеттері:

  • баланың тілін, ойлау қабілетін дамыту;
  • баланы шығармашылыққа, көркем сөйлеуге үйрету;
  • баланың күнделікті қарым-қатынасқа түсетін ортасы туралы мәлімет беру және қоршаған ортамен байланысын дамыту;
  • баланың бойына отансүйгіштік, мейірімділік, тапқырлық, батырлық сияқты ізгі қасиеттерді сіңіру;
  • ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау;
  • бала тәрбиесіне ата-аналардың, жалпы қоғамның назарын аудару.

Байқауды ұйымдастырушылар:

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, Атырау облыстық ҚХА Аналар кеңесі.

  1. Байқаудың шарттары:

1.1. Байқау ашық түрде өтеді. Оған Атырау облысы тұрғындары мен этнос өкілдері қатыса алады.

1.2. Байқауға  жеке адам (соның ішінде, заңды өкілі көрсетіле отырып, бала) немесе ұжым  қатыса алады.

1.3 Байқауға жіберілген ертегіге ілеспе хатта автордың, бала қатысқан жағдайда, ата-анасының (заңды өкілінің) ұсынылған туындының авторы өзі екендігі және Байқау талаптарының 3.1-тармағына сәйкес, ертегінің кез-келген басылымда жариялануына, байқау кезінде де және одан кейін де Ұйымдастырушылар өткізетін кез келген акцияларда түрлі тәсілдермен көрсетілуіне қарсылығы жоқ екендігі, ол үшін авторлық қаламақы талап етпейтіні туралы талапқа келісімі болуы керек. 

1.4 Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа ертегілер ғана ұсынылады.

  1. Байқауға ұсынылатын ертегілерге қойылатын талаптар:

2.1 Ертегінің тілі жатық, түсінікті болуы керек; мағынасы түсініксіз, диалект сөздер қолданылмауы керек;

2.2 Баланы шығармашылыққа, көркем сөйлеуге үйрету құралы болуға жарамдылығы;

2.3 Баланың өмір сүру ортасын тануына және онымен байланыс жасауға үйретуі;  

2.4 Баланың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруі;

2.5 Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың насихатталуы;

2.6 Бала санасына теріс әсер ететін оқиғалардың жазылмауы; 

2.7 Ертегінің көлемі А4 форматта 14 шрифтпен 2-3 беттен аспауы;

2.8 Ертегі авторы туралы толық мәлімет болуы керек (үлгі өтінімге қоса беріледі).

  1. Байқау өткізудің тәртібі:

3.1 Байқау 2 (екі): іріктеу кезеңі және қорытынды кезеңнен тұрады.

Облыстық байқаудың жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады.

  3.2 Облыстық іріктеу кезеңіне қатысуға өтінімдер осы Ереже жарияланған күннен бастап, яғни 2022 жылғы 28 маусым мен 27 шілде аралығында қабылданады.

Байқау 2022 жылғы 28 шілдеде қорытындыланып, 29 шілдеде марапаттау шарасы өтеді.

3.3 Байқауға келіп түскен жұмыстарды бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін ақын-жазушылар мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының озық мамандары, ұстаздар  мен тіл мамандарынан жасақталған қазылар алқасы құрылады.

3.4  Қазылар алқасының төрағасы көпшілік дауыспен сайланады.

  1. Байқауға қатысқан шығарманы бағалау өлшемшарттары:

- мәтіннің мағыналы әрі жеңіл болуы – 5 ұпай;

- тәрбиелік, дамытушылық мәні жоғары болуы – 5 ұпай;

- өмір сүру ортасын таныту деңгейі – 5 ұпай;

- ертегі желісінің қызықты болып, баланы баурап алуы – 5  ұпай;

- бала бойына ізгі қасиеттерді дарытуы – 5 ұпай;

- баланың тұлғалық қалыптасуына әсері  –  5 ұпай.

Жеңімпаздар жинаған ұпайлар жиынтығы бойынша анықталады (ең жоғары балл – 30). 

  1. Жеңімпаздарды марапаттау

  5.1. Қазылар алқасы Бас жүлде, 1-ші, 2-ші және 3-ші орын иегерлерін анықтайды. Жеңімпаздар дипломмен және арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталады.

5.2. Жеңімпаз деп танылған ертегілер бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде әлеуметтік желіде насихатталады, сонымен қоса ертегілер жинағын шығару жоспарланды.

Материалдарды мына электронды поштаға жолдау керек: konkurs-kz@inbox.ru

 

  Сұрақтар туындаған жағдайда хабарласатын телефон нөмірлері:

8 702 959 8008 Нұргүл Сәкенқызы

Байқау ережесіне қосымша

 БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУ ҮШІН БЕРІЛЕТІН ӨТІНІМ ҮЛГІСІ

(Байқау шарттарының 3.1-тармағын ескере отырып, толтыру керек)

 

Аты-жөні (толық)

Туған жылы

Мекенжайы

Оқу/жұмыс орны

Байқауға ұсынылған жұмыстың атауы

Байланыс телефоны

Электронды пошта

Өтініш берген күні

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT