Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Атырауда өтіп жатқан "Ұлық Ұлыс - Алтын Орда" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.
Президент құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берді.
"Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтуде. Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Сан мың жылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті.
Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек» делінген құттықтау хатта. Конференция барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Сарайшық қаласын туристік, мәдени орталыққа айналдыруға бағытталған жобамен таныстырды. "Қазақстандық Сан саланың мамандарын жұмылдыру арқылы «Сарайшық қалашығының» жобасы жасалды. Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Солардың ішінде «Жайықтан өтер жылжымалы жүзбелі көпірді» ерекше атап өтуіміз керек. Осындай пантон көпірмен Ибн Баттутаның Жайықтан жүзіп өткені тарихтан белгілі. Ибн Баттутаның естелігінде Сарайшық аумағында «Орда базардың» да болғаны аңыз болып айтылады. Сондықтан бұл киелі мекенді сауда орталығы ретінде дамыту аса маңызды. Бүгінде Сарайшық музей қорығының қорында 4600 жәдігер сақтаулы. Оның 400-дейі ғана көрініске шығарылған. Осы жағдай жаңа «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз. Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленіпті. Кешенді ұзына бойы алып жататын Гүлстан променады сол күндерге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайтын саябақ болмақ. Кешен ішінде жылқы, түйемен сейіл құру және Жайық өзенінде алтын қайықпен серуендеу көпшіліктің қызығушылығын оятатын жоба болмақ.
Сондай-ақ, бұл жерде халқымыздың этномәдениетіне негіздеген ұлттық ойындар және мәдени-бұқаралық шаралар өткізілетін болады. Бұл жобаларға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарда. Қазіргі таңда Сарайшық мемориалдық кешеніне келушілердің саны 20 мыңға жуық. Жоба іске қосылған жағдайда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар" деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Сондай ақ, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеулер жемісті нәтижесін беріп жатқанын атап өтті "Сарайшықтан 20 шақырым алыстан тағы бір тарихи орын анықталды. Ол жерден Ұлық Ұлыстық Өзбек хан тұсындағы күміс дирхем, Өзбек пен Жәнібек хандар тұсындағы пұлдар, қыш бұйымдардың сынықтары және шырағдандар табылды. Бұл жәдігерлер ежелгі қаланың немесе керуен сарайдың тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Конференция жұмысына келген археолог ғалымдарымыздың қатысуымен құм жұтқан құпиялы мекенде далалық семинар ұйымдастырылады" деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылатындығын атап өтті. "Жошы ұлысын зерттеу институтын құрумен бірге, Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи зерттеу институты көп томдық басылым әзірлеуде.
Аталған еңбектің үшінші томы Жошы ұлысына арналған. Сонымен бірге, отандық ғалымдардың тікелей қатысуымен 15-ке тарта ғылыми жобалар жүзеге асуда" деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Алтын Орда» тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдағанын атап өтті.
" Оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз қажет. Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту; Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау; Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, «Жошы», «Берке», «Өзбек» хандар туралы; Төртінші, «Ұлық Ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау; Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау; Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету; Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру міндеті тұр" деді спикер Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев. Еске сала кетелік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтіп жатқан "Ұлық Ұлыс - Алтын Орда" халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына 30-дан астам отандық және 10-нан астам шетелдік ғалымдар қатысуда.