Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда Кеңес Одағының Батыры Муса Баймұхановты еске алу кеші өтті

Атырауда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Муса Баймұхановты еске алуға арналған «Шындық пен аңыз» атты кеш өтті. Шараны облыстық Г.Сланов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана мен Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Еске алу кешінің негізіне жазушы Айбосын Елеусіновтің 2020 жылы жарық көрген «Батыр Муса байрағы» атты кітабы алынды. Бұл еңбек – Муса Баймұхановтың өмір жолына арналған деректі туынды ғана емес, сонымен қатар оның тұлғасын терең танытатын рухани естелік. Жазушы батырды жеке танымағанымен, оның ерлігі жайлы жұртшылыққа кеңінен таныстыруды азаматтық борышы деп санаған.

— Айбосын Елеусінов бұл кітапқа үлкен жауапкершілікпен қарады. Архив деректерін мұқият зерттеп, мәліметтерді нақтылап отырды. Ол үшін ең бастысы – батыр бейнесін бұрмаламай, шынайы түрде жеткізу еді. Маған оның жанында жүру бұйырды, және оның еңбегі ескерусіз қалмағанына қуаныштымын. Біз тек соғыс ардагерлерін ғана емес, олардың ерлігін ұрпаққа жеткізген қаламгерлерді де құрметтеуіміз қажет, – деді кітап редакторы, жазушы Төлеген Жанабаев.

Жазушының жұбайы Роза Қарақызының айтуынша, Айбосын Елеусінов үшін өткенді еске алу ғана емес, оның бүгінмен байланысын көрсету маңызды болған. Ол жастар Муса Баймұханов секілді тұлғалардың өмір жолынан үлгі алып, ерлік пен елдік ұғымының мәнін түсінсе екен деп тілеген.

Кеш барысында жазушының немересі Муса Айбосын да сөз сөйлеп, атасының еңбегіне көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Шара соңында кітапхана қызметкерлері жазушының туыстарына 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көрген «Жад кітабын» табыс етті. Бұл жинақта Атырау облысынан соғысқа қатысып, майдан даласында қаза тапқан азаматтардың есімдері мен тағдырлары топтастырылған.

Георгий Шапошников
Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT