«Атырауда көрісу дәстүріне арналған «Амал келді – Жыл келді» атты мерекелік іс-шарасы өтті»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір халқын көрісу күнімен құттықтады.
«Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт — дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті. Ата-бабаларымыз ежелден дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнап, ұлы Абайымыз айтқандай: “Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып” мәре-сәре болған. Игі дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды»,-деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов, аталған дәстүрдің мән-мағынасына да тоқталды.
«Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Көктемнің елең-алаңында басталатын Көрісу салтының өзіндік ерекшелігі — бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғасады. Бұл мейрам — өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымға толы. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі — жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Сондай-ақ, ырыc пен берекенің арқауы деп бағаланған»,-деді өңір басшысы.
Мерекелік іс-шарада халқымыздың салт-дәстүрімен аяғын енді басып жүрген Әзиздің тұсауы кесіліп, ұлттық жоралғылар жасалып, өңірдің зиялылары мен үлкендер жағы ақ баталарын беріп, «жолы ашық болсын» десіп тілектерін айтты.
Әдет-ғұрыпқа сай шашу шашылып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, Қыдыр ата ақ батасын берді. Сондай-ақ, аталған амал мерекесінде халқымыздың салт-дәстүріне негізделген театрландырылған көрініс пен пен концерттік бағдарлама келушілер назарына ұсынылды.
Айта кетейік, аталған іс-шараға облыстық Мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев, Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, сонымен қатар өңірдің мәдениет және қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары қатысты.