Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Атырау облысынан 600-ге жуық адам әскер қатарына шақырылады деп жоспарланып отыр.
Әскерге шақыру үрдісі барынша ашыұ форматта және кеңес алу мүмкіндіктерін ұсыныла отырып ұйымдастырылған. Бұл үшін жергілікті әскери басқару органдарда электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар құрылды. Әскери қызметке шақыру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары Қорғаныс министрлігінің байланыс орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89, 72 13 82 телефондары, сондай-ақ 32 32 21 нөмері арқылы Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің сенім телефонынан ақпарат алуға болады.
- Карантиндік шектеулер кезеңінде әскери қызметке шақыру жұмыстары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Шақыру қағазын алған жастар шақыру пункттеріне келіп, медициналық комиссиядан және іріктеу шараларынан өтеді», - дейді Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары капитан Жасұлан Сатбалдиев.
- Мерзімді әскери қызметке шақырылушылар денсаулығына байланысты, оқуын күндізгі бөлімде жалғастырған жағдайда, сондай-ақ отбасылық себептер бойынша әскери қызметтен кейінге қалдыруды ала алады. Биыл әскерге шақыру кезінде әскерге шақырылушыларға хабарлаудың жаңа әдісі қолданылуда. Пандемия жағдайында адамдар арасындағы тікелей байланысты азайту үшін 1414 қызметі арқылы пилоттық режимде SMS хабарламалар жіберілуде. Әскерге шақырылушылар ПТР тестілеуді екі рет өтеді: шақыру пункттерінде және әскери бөлімдерге келген кезде. Кейін, қызмет ету орындарында олар егілетін болады. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны 1 шілдеде аяқталады.
Осы кезеңде барлық өңірлер бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы 13500-ден астам адамды әскерге шақыру жоспарланған. Олардың барлығы ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының қатарын толықтырады.
ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі