Атырауда мүгедектер инватакси көлігімен 14 мыңнан астам мәрте тасымалданған.
Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бергі 5 айда ерекше күтімді қажет ететін адамдар инватакси автокөлігімен 14 109 мәрте тасымалданған.
Оның ішінде арбамен қозғалатын 77 мүгедек, 84 зағип жан, мүмкіндігі шектеулі 87 адам, ауылдық елді мекеннің 33 тұрғыны мен 87 мүгедек бала бар.
«Атырауда инватакси қызметімен мүгедектік санаты бар 250-ден астам адам қамтылып отыр. Оларды үкіметтік емес ұйымдар арнайы көлікпен тасымалдайды. «Мүгедек әлемі» қоғамдық қоры арбамен қозғалатын жандарды, «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігі зағиптарды, ал, «Мақат» қоғамдық қоры сырқатына байланысты мүмкіндігі шектелгендер мен мүгедек балаларды тасиды. Қазір мүгедек жандардан арнайы көлікпен тасымалдауға қатысты шағым түскен жоқ. Біз мемлекеттік мекеме ретінде әлеуметтік тапсырысты қадағалап отырамыз», -дейді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Анар Жеңісова.
Оның айтуына қарағанда, «Макдональдс» компаниясы мүгедек жандарды тасымалдайтын арнайы екі автобусты сыйға тартқан.
Бұл автобустармен мүгедек жандарға тәулік бойына тасымалдау жүргізілетін такси қызметі ұйымдастырылған.
Мүмкіндігі шектелген жандар 50% жеңілдікпен ақылы түрде қаланың кез келген нүктесіне жету үшін тапсырыс бере алады.
Осы кезге дейін 176 мүгедек жанның сұранысы орындалған.