Атырауда «Вакцина ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол!» ұтысының финалдық кезеңі қорытындыланды. Жеңімпаздардың есімдері тікелей эфир мен әлеуметтік желілерде жарияланды – деп, хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырауда коронавирусқа қарсы екпе алғандарға жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын, ақшалай сертификат табыс етілді.
Финалдық кезеңде 1 миллион теңгеге ие болғандардың бірі – Ашық Мақбұле. «Жолдасым екеуміз көктемде «Спутник» вакцинасын алдық. Ұтыс ойынына қатысатынымызды білмедік, ұтыс туралы тікелей эфирде естігенімізде, сене алмадық. Ұйымдастырушыларға тосын сый үшін көп рахмет. 72 жастағы әкеміз де бізбен бірге екпе алды. Енді балалар арасында коронавирусқа қарсы вакцина егу басталса, оларды да екпе алу арқылы қорғауды жоспарлап отырмыз», - деді Ашық Мақбұле. Жүлдегерлер қатарында көп балалы ана Алтын Бозжанова да бар.
«Мен үшін бұл жүлде үлкен тосын сый болды. Депозит ашып, осы ақшаны ары қарай балаларымның болашағы үшін жинаймын. Өзім, облыстық жүйке-психиатриялық диспансерде асханада жұмыс істеймін. Менің жұмысымның ерекшелігі сол, адамдармен жиі байланысуға тура келеді, сондықтан, өзімді және жақындарымды қорғау үшін иммунизациядан өту керек деп шештім. Ұтыс ойынына қатысқанымды да білмедім. Ұтыс туралы хабар алғанымда әзіл деп қабылдадым. Атыраулықтарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алуға шақырамын, бұл қалыпты өмірімізге оралудың жалғыз жолы», - деді А.Бозжанова. Е
ске сала кетейік, Атырауда 30 маусым мен 30 қыркүйек аралығында екпенің I немесе II компонентін алғандар арасында әр 10 күн сайын 200 мың теңгеге 10 ақшалай сертификат ойнатылды. Соның ішінде, 30 маусым мен 31 шілде аралығында вакцина алғандар үшін тамыз айында 3 млн теңгелік 2 сертификат ұтысқа түсті. Ал, қыркүйекте тамыз айында вакцина алғандар арасында 3 млн теңгеге тағы 2 сертификат ойнатылды.
Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құраған вакцина алуды ынталандыру акциясы «Атырау облысының Азаматтық альянсы» ММ қолдауымен жүзеге асты.