2 қыркүйек күні 16 жасар жасөспірім Жайыққа батып бара жатқан баланы құтқарып қалған туралы хабарлаған болатынбыз.
«Орталық дене шынықтыру кешені тұсында 16 жасар Русаков Евгений қайықпен күнделікті жаттығу жұмысында жүрген кезде катамаранға мінген отбасыны көреді. Кенеттен катамаранның аударылғанын көріп, еш ойланбастан суға кеткен баланы құтқаруға дереу жетіп, аман алып шығады», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Жас қаһарманды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бисембиев Жасұлан Орақұлы қабылдап, алғыс білдірді. Алдағы уақытта әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.
Айта кетейік, Евгений №1 Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде байдарка мен каноэде есу спортымен 2019 жылдың көктемінен бері айналысады.