Бұл туралы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыста 15 қыркүйектен бастап күзгі аңшылық маусымы басталады. Бекітілген аңшылық алқаптарында аң аулаудың күзгі маусымы 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Аумақтық инспекцияның мәліметінше үйрек, қаз, шіл, шалшықты бөдене, кекілік құстарын аулауға 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, борсық пен қабан аулауға 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етіледі. Ал қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымы 1 қарашадан 15 ақпанға дейін жалғасады. Қасқыр аулауға 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген.
Қазір өңірде сүтқоректілердің 21 түрі және құстардың 114 түрі мекендейді. Қабан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, дала сасықкүзені, борсық, суыр, су тышқаны, үйрек, қаз, қасқалдақ, шіл, құр, бөдене аулауда аңшылық жолдамада көрсетілген санына ғана рұқсат беріледі.
-Әр нәрсенің өлшемі бар. Табиғат байлығын қорғау, тыныштығын сақтау – міндет. Ережеге бағынбай, аң аулау тәртібін бұзушыларға жауапкершілік жүктеледі. Яғни аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатнама, аңшылық шаруашылығы нысанының жолдамасы, жеке аңшылар үшін қару мен оқтарды сақтауға және алып жүруге рұқсатнама, жыртқыш құстарды аулау кезінде төлқұжат болғанда ғана аң аулауға болады, деді Н.Иманғалиев.
Атырау облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 11 адам анықталып, 862 млн 703 мың 200 теңге шығын келтірген.
Айта кетейік, өңірде 6000-нан аса аңшы ресми түрде тіркелсе, оның 3000-ға жуығы аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.