Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының орындалу барысы бойынша есептік жиын өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиында «2022-2025 жылдардағы облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының» орындалу барысы, облыстағы атмосфералық ауа сапасы, экологиялық проблемалар мен Атырау қаласының көгалдандыру жұмыстары туралы мәселелер талқыланды. Облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов өз баяндамасында аймақтың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жолында жоспарланған 45 іс-шараның тоғызы орындалып, жеті іс-шара тұрақты түрде жалғасып жатқанын айтты. 2025 жылдың сәуірінде Жеңіс саябағы, қалалық кітапхана маңы, «Жұлдыз» шағынауданындағы саябақ және Әбілхайырхан даңғылы бойы мен қалаға қарасты округтер аумақтарына 4 мың түптен астам жас көшет отырғызылған. Жиын соңында М.Мурзиев жол картасының мерзімі 2025 жылы аяқталатындығын ескере отырып, Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жаңа жобаны жасақтауға және облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық Экология департаментіне хаттамалық тапсырманың орындалысын бақылауда ұстауды тапсырды.