Бүгін Қайрат Нұрлыбаев Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов кандидатурасы Президент Әкімшілігімен келісілген жаңа орынбасарын жергілікті активке таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған. 1996-1997 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Мұқыр» акционерлік қоғамында жөндеуші-техник болып жұмыс істеген. 1999 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр селолық округі әкімінің аппаратына маман болып кіріп, Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының коммуналдық меншік, көріктендіру, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Одан кейін Құрманғазы ауданының Шортанбай селолық округінің әкімі, Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің одан соң аталған ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Мақаш селолық округінің әкімі болып жұмыс істеді. 2008-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2012-2019 жылдары аталған аудан әкімінің орынбасары болды. Қайрат Нұрлыбаев 2019 жылдың маусым айынан бері Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеп келді.
Ал 4 жыл облыс әкімінің орынбасары болған Әлібек Нәутиев жақында Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланған болатын. «Қайрат Есқабылұлын білікті басшы, жұмыс тәжірибесі мол азамат ретінде осы лауазымға лайықты деп есептеймін және оған үлкен сенім артамын. Ал Әлібек Ибатоллаұлына Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін зор алғысымды білдіремін»,-деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі ________________________________________