Әлбетте, ауданда жасалып жатқан жұмыстардың олқы тұсы болса сын тезіне алуға болар, бірақ, елдің алдында мемлекеттік қызметшілердің ар-намысына, жеке басына нұқсан келтіретін сөз айту заңды өрескел бұзу екендігі баршаға мәлім.
Мәселен, «AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Жолдасұлы Ғабдуллиннің фейсбук әлеуметтік жеке парақша желісінде ашылған «Доссор жаңалықтары» парақшасына: «Қызылқоға ауданы әкімі Қанат Әмұханов бұл лауазымға дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болдыңыз – ішкі саясатта лас әрекеттермен айналысуды үйренген болып тұрсыз ғой, әдепсіз, мәдениетсіз, Мұқыр халқына су жүріп тұр деп жалған ақпарат берумен айналысып отыр» деп жазбаша және дыбыс-бейне жариялауы ешқандай себеп-салдарсыз ар-намысқа, жеке басқа нұқсан келтіруі емес пе?! Бұл аудандық соттың судьясы А.Байназаровтың төрағалық етуімен өткен сот отырысында да айқын дәлелденді. Онда Қанат Әзмұхановтың ар-намысына тіл тигізген әлгі Ғазиз Ғабдуллин айтқан сөзіне нақты дәлел келтіре алмай, алып-қашпа әңгімелермен былдырлағанын қайтерсің? Сондықтан сот: «Ғазиз Жолдасұлы Ғабдуллин Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73-3-бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған 434700 (төрт жүз отыз төрт мың жеті жүз) теңге әкімшілік айыппұл салынсын» деген шешім шығарды. Демек, аудандық сот әділдік орнатты.
Әрине, әрбір тұрғын аудан экономикасын дамыту бағытында мәселе көтеріп, жергілікті биліктің назарын аударғаны дұрыс. Әйтсе де, ар-намысқа тиетін сөз айтып, жалған жала жабуға жол берілмейді.
Бұл ретте, әрбір азамат Ғазиз Жолдасұлының өрескел қылығынан сабақ алып, ар-намысқа тиюдің ар жағында заңдылық шеңберінде жауапкершілікке тартылу тұрғандығын сезіне білген абзал. Ал, аудан басшысы ретінде ауданда жасалып жатқан жұмыс әрбір тұрғынның көз алдында. Бұл әрбір халықпен кездесу кезінде ашық түрде ешқандай бүкпесіз айтылып келеді. Ендеше, ар-намысқа тию азаматқа сын екендігін ұмытпайық, ағайын!
Ескерте кететін жәйт - соңғы кезде жалған ақпарат таратып, халықты әуре-сарсаңға салушылар көбейіп кетті. Оған заң жүзінде тосқауыл қою қажеттігі де белгілі. Сондықтан, мәжілісте "Онлайн - платформалар мен онлайн жарнама туралы заңға өзгеріс енгізу" жобасы мақұлданып, онда әкімшілік айыппұл салу көзделген. Бұл заңға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ