Аудандық сот отырысында Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 608-бабының 6-бөлігіне сай, көлік құралын басқару құқығы жоқ адам бола тұра, алкогольдік масаң күйінде көлік басқарған азамат К.Ж-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Істің мәні бойынша, «Миялы-Индер» тасжолы Қаракөл ауылының тұсында автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, ұйықтап кету салдарынан аударылып қалған. Сот отырысында құқық бұзушы азамат К.Ж өзінің кінәсін мойындап, жүргізуші куәлігінің қолдану мерзімі бітіп кеткенін, одан кейін куәлік алмағанын, сыра өнімін тұтынған күйде көлікті басқарып келе жатып, күнге қарсы маужырап ұйықтап кетіп, аударылып қалғанын, ол үшін өкінетінін айтты.
Сот қаулысымен, құқық бұзушы К.Ж аталған Кодексте көрсетілген заң талаптары бойынша кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Өз тілшіміз
Сурет: ашық дереккөзден