Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Есік қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиынға жергілікті тұрғындар, мектеп дейінгі білім беру мекемелерінің мамандары қатысты.
Жиын барысында үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырылып, әлеуметтік сала, білім беру мен бала тәрбиесі жайлы өзекті сұрақтар көтерілді.
«Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Балалардың жағдайын жасау үшін күндіз-түні жұмыс істейтін ата-аналар бар. Бірақ олар көп жағдайда балаларын қалдырып кететін жер таба алмай қиналады. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу керек деп ойлаймын. Сайлаушылар тарапынан бұл мәселе қолдау тапты. Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшаларды мемлекеттік балабақшалардың негізінде ашып, жұмыс уақытын ұзарту арқылы іске қосуға болады. Бұл шешімнің бірден-бір артықшылығы – мәселе шешімі үлкен қаражат жұмсауды қажет етпейді», - деп жеткізді Қ.Әбден. Үміткердің айтуынша, аталған сұрақ оның сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.