Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы да Әз-Наурызды қарсы алды.
Мереке күні зауыт аумағы этноауылға айналды: ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, ұлттық тағамдар әзірленді. Жұмыс киімдерін қазақы нақыштағы киімдерге ауыстырған зауыттықтар тойдың сәнін кіргізді. Сахна төрінен қалықтаған әсем әндер мен әдемі би мерекені қыздыра түсті. Жиылған жұрт бауырсақ, наурыз көже мен қазы-қартадан дәм татып, мейрамның тарихы мен мән-мағынасынан сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалады. Спортқа жаны құмар зауыттықтар кір тасын көтеру, қой көтеру, ләңгі тебу мен арқан тартыстан бақтарын сынады.
Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженердің м.а Еркін Сүлейменов Наурыз мейрамы салт-дәстүрлерді жаңғыртудың ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысымызды нығайту мүмкіндігі екенін атап өтті. Іс-шара соңында зауыт ардагерлері елдің тыныштығы мен ауызбіршілігін тілеп, бата берді. Айта кету керек, биылдан бастап жаңа үлгіде атап өтілетін Наурыз мерекесі Атырау мұнай өңдеу зауытында 10 күнге жуық тойланды. Наурызнама онкүндігінің шымылдығын ашқан Көрісу мерекесінен бастап кәсіпорында «Таза әлем» экологиялық акциясы, quiz форматында «Дәстүрден тағылым» зияткерлік ойыны, қайырымдылық жәрмеңкесі, асық ату, садақ ату, арқан тартыс және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.