Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Алтын той иелері...

Отбасын Отанына балайтын, жанарымен жаныңды баурайтын, ата-ананы қадірлеп, үлкендерді сыйлайтын, кішілерге қамқор, ағайынға абыройлы, құдай қосқан қосағымен бірге әдемі қартаюды нәсіп еткен ақ жаулықты аналарымыз арамызда қаншама?! Бүгін біздің әңгімеміздің кейіпкерлері – 50 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, жапырағы жайылған жанұяның бірі - Орынбасар аға мен Ұмсындық апа төңірегінде болмақ. 

...Иә, жылдар, жылдар... Бәрі де күні кеше секілді еді-ау! Күйбең тіршілікпен уақыттың қалай зымырап өткені де байқалмай қалыпты. Келін атанып, киелі ақ босағаны аттағанына да тура елу жыл болыпты! Иіргенде тәйке тұрар құлжаның сақасындай сарабдал болмысы мен сөйлеп кетсе көктемгі самалдай есетін Орынбасар атты азаматпен тағдырын жолықтырып, көңілдері жарасқан екі жас сонау 1970 жылы шаңырақ көтерді. Екеуінің ерекше қасиеті үнсіз ұғынысып, тілсіз түсінісетін. Осы қасиет арада 50 жыл өтсе де, сол күйі әдет болып қалыптасты. Бұл-отбасы құндылығы үшін екінің бірінің еншісіне бұйырмас бақыт болатын. Марқұм аналары Күміс әжей де айналасын шұғылалы шуаққа шомылдырып жүретін, жүрегі ізгілікке, пейілі мейірімге толы жан еді, жарықтық. "Ырыстың көзі-дәулетте, бақыттың көзі-әулетте" екендігін ғибратты ғұмырында терең ұғындырып кетті. Сол асыл аналарының қолдауымен екеуі де отау құрғаннан соң, сырттай жоғары оқуға түскен болатын. Орынбасар Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтына түсіп, өзі болса, Гурьев педагогикалық институтын ойдағыдай бітіріп, еңбекке араласты. Сүттей ұйыған отбасында шаңырақты шаттыққа толтырып Қанат, Жанат, Нұршат, Гүлшат, Кәмшат атты бүлдіршіндер дүниеге келді. "Адам ұрпағымен мың жасайды" дегендей, немерелері алтын жүректі әженің мейірімге толы өнегесін, айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, бойларына сіңіріп өсті. Ата-бабамыз "әжелер академиясынан" тәлім алған баланың өресі биік, тәлімі мол, ақыл-ойы терең болады деп бекерден-бекер айтпаса керек. Ұрпағының қазіргі таңда еңбектің қазанында қайнап, өмірден өз орнын тауып, арман - мақсаттарына қол жеткізсе, ол әжелерінің тәлім-тәрбиесінің жемісі еді.

"Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады" демекші, жаратқанның әміріне мойынсұнып, кейуана 94 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өз анасындай жақсы көріп кеткен екінші анасын көпке дейін жоқтап жүрді. Өмір-ай десеңші!.. Ойға шомып кеткен Ұмсындық апаны үйге кірген қонақтардың дауысы бөліп жіберді. - Сәлеметсіздер ме? Біз әкімшіліктен келіп тұрмыз. Сіздердің шаңырақ көтергендеріңізге 50 жыл толуына орай құттықтауға рұқсат етіңіздер!-дей келе, ескерткіш сыйлықтар мен гүл шоғын ұсынған әкімшіліктің бас маманы Сандуғаш Байдуллина өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. "Көңіл-көңілден су ішеді" деп бекер айтылмаса керек, алтын той иелері әкімшілік тарапынан елеп-ескеріп құттықтай келгендеріне бір марқайып қалды. Еліне-елеулі, халқына-қалаулы, ауылдастарына сыйлы бола білген бақытты үлгілі отбасының ұйытқысы - Орынбасар ағаның өмір жолы да ауылшаруашылығымен тікелей байланысты. Еңбек жолын сонау 1970 жылы қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып 1987 жылға дейін жұмыс жасап, сол жылы Ленин атындағы совхозға жұмыс бабымен ауысып, бас инженер, кәсіподақ төрағасы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Осы жылдар аралығында совхоздың мал басын көбейту, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізуде сүбелі еңбек сіңірді.

Өз міндетін абыройлы атқарып, талай рет кеңшар атынан алған Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары бүгінгі күні немере-жиендері үшін үлкен мақтаныш. Әр адамның болмысы өмір сүру ортасына, заманның ерекшеліктеріне де байланысты болса керек. Әкесінен жастай қалған Орынбасар аға аяулы анасының үкілеген үміті мен сенімін арқалап ержетті. Сүйген жарға деген адал махаббат пен айнымас сезіммен балаларына үлгілі әке бола білді. Әкені құрметтеу-перзент алдындағы парыз. Осыны санасына сіңіріп өскен ұлдары Қанат та жақсы азамат боп өсіп, үш баланың әкесі атанып, әулеттің мақтанышына айналған келіндері Гүлжайнамен екеуі тұңғыштары Сабыржаннан немере сүйіп, ата-әжесі шөберенің қолынан су ішетін бақытты күнге де жетті. Бір-бір шаңырақтың келіндері атанып, құтты орнына қондырған қыздары әр салада қызмет атқарып жүр. Бұл күнде 1 ұл, 4 ұл-қыздан 3 немере, 9 жиен, 1 шөбере сүйген әке мен ананы жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерекке теңесек артық айтқандық емес. Отананың аласармас таудың биігіндей боп көрінетін отағасының салмақты, сабырлы, ақылды, адами қасиеттерінің арқасында отбасы құндылығын асыл қазынамыздай сақтап келеміз деген сөзі ерін "пірім" деп санайтын біздің ғана қазақ ұлтына тән асыл аналарымызға ғана жарасқандай әсер қалдырды. 37 жыл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі елеусіз қалмаған ұлағатты ұстаз Ұмсындық Сарқұлова "ҚР Білім беру ісінің үздігі" төс белгісімен марапатталды. «Мен шәкірттерімді өз балаларымды қалай жақсы көрсем, солай жақсы көрдім. Олардың жетістігі мені шабыттандырып, қанаттандырып отырады» дейді әңгіме арасында кейіпкеріміз. "Ұстаздар қауымына қандай тілек айтасыз?" деген сұрағымызға:

- Бүгінгі таңда ұстаз болу оңай емес. Заман ағымынан қалып қоюға болмайды. Мұғалім өзінің отбасында да, мектепте де үлгілі болуы керек. Тәуелсіз еліміздің білімді де, мәдениетті жастарын тәрбиелеуде ұстаздың ең ізгі міндеті мен парызын сезіне отырып, үлкен жетістіктеріне жетуіне тілекшімін, төл мерекелерімен құттықтаймын!- деді ардагер ұстаз қоштасар сәтте.

Жақсы тәрбиеші, үлгілі ата-ана бола білген өнегелі Нұрмағанбетовтер отбасын үш түрлі қуанышты күндерімен атап айтсақ, алтын той, ұстаздар күні, әдемі қарттық сыйлаған қарттар күнімен құттықтай келе, алтын той иелеріне бағаңызға жету- ұрпағыңызға бақыт пен баян боп бұйырсын, қазыналарыңыз ешқашан ортаймасын дегім келеді. Сайран БОРАНҚЫЗЫ, Сағыз ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521