Оны жөндеуге 50 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды AtyrauPress. Ұзындығы 500 шақырымды құрайтын автомагистральдың 184 шақырымы Атырау облысының аумағынан өтеді. Бұл жол екі аудан мен 10 елдімекенді негізгі жол желісімен байланыстырады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Атырау облыстық филиалының мәліметінше, қазіргі уақытта жобаға мемлекеттік кепілдікпен Қазақстан даму банкі арқылы 50 млрд теңге бөлінген. Бүгінде барлық негізгі техникалық мәселелер шешіліп, күн жылына жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген автожолдың тозығы әбден жеткен.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Аслан Дүйсеновтің айтуынша, бұл жол үшінші техникалық санатқа жатады. Норматив бойынша тәулігіне 3 мың көлік қозғалысына есептелгенімен, қазіргі таңда жолмен тәулігіне шамамен 4 мыңға жуық жеңіл автокөлік пен жүздеген жүк көлігі өтеді. Сонымен қатар, жүк көліктерінің оське түсетін салмағы белгіленген 8–10 тоннаның орнына 13–15 тоннаға дейін жетіп, жол жабынының жылдам бұзылуына әсер еткен.
Жөндеу жұмыстары наурыз айынан бастап ұзындығы 90 және 94 шақырымды құрайтын екі учаскеде қатар жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленген. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары аяқталады деп жоспарлануда. Орташа жөндеу аясында жолдың ені 8 метр деңгейінде сақталады. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл жолды бірінші техникалық санатқа өткізіп, төрт жолақты автомагистральға кеңейтуге арналған жобалау жұмыстары басталады.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жол құрылысының барлық кезеңінде сапалық бақылау жүргізеді. Мамандар қолданылатын материалдардың, технологиялық процестердің және орындалған жұмыстардың сапасын тұрақты түрде тексеріп отырады.



