Қоғамның дамуына тер төгіп, тіршіліктің тірегіне айналған жұмысшы маман иелері – ел ертеңінің нақты архитекторы.
Бүгінде қай салада болсын, адал еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар мен мамандардың орны ерекше. Олар – нағыз еңбектің қадірін білетін, қол күші мен ақыл-ойды ұштастыра білген, еліміздің өндірісін, ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымын алға сүйреп келе жатқан алтын қолды азаматтар. Махамбет ауданында да сан салада белсенді еңбек етіп жүрген, ауылын көркейтуге, ел ырысын арттыруға атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Қарапайым еңбектің қыр-сырын меңгерген дәнекерлеуші, құрылысшы, жүргізуші, тракторшы, тігінші сынды мамандардың күнделікті еңбегі – үлкен құрметке лайық. Олар жай ғана маман емес, ауданның арқа сүйер азаматтары. Біздің ардагерлер ұрпағы да кезінде дәл осы еңбек майданында шыңдалды. Сондықтан бүгінгі жастардың да еңбекке жақын, жауапты, тиянақты болғанын қолдаймыз. Жастарымыз шынайы еңбекке араласып, кәсіп меңгеріп, өз ауылын, өз жерін өркендетуге үлес қосып жатса – бұл ел болашағының жарқын кепілі. Жұмысшы маман иелеріне деген құрмет – жалпы еңбекке, адамға деген құрмет. Осы орайда еңбек майталмандарының мәртебесін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар мен қолдаулар – өте құптарлық іс.
Самат ЖАЙЛАШЕВ,
Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы