Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Алмас Чукин ҚҚС өзгерістері туралы: Реформа енді басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі экономист Алмас Чукин қосылған құн салығын көтерудің инфляцияға әсері туралы болжамын айтты.

    — Түбегейлі алып қарасақ, бұл өзгерістер арқылы нөмір бірінші мәселені шешеміз. Өкінішке қарай, мен қазір оның нақты шешімін көріп отырған жоқпын, бірақ үлкен қадамды көріп отырмын. Қазір бюджетке қажет деп жүрген 5 трлн теңге Ұлттық қордан алынып отыр. Бұл — таза инфляция туындататын ақша толқыны. Біз оны маңдай термен тапқан жоқпыз, жерден алған мұнайдан түсетін табыс. Шын мәнінде оны шетелдіктер өндіріп, бізге үлесімізді аударды деп айтуға болады. Ол ақша экономикаға құйылғанымен, соның көлеміне сай тауар жоқ. Ал мына реформа бойынша ол ақша Ұлттық қорда жинақтала береді, яғни алынбайды. Келер ұрпақтың алдында да бетіміз жарық болады. «Біз мәселені шешу үшін өз қалтамыздың түбін қағамыз, бірақ сіздердің (болашақтың) үлестеріңізге тиіспейміз» дегендей ғой. Ұлттық банк Ұлттық қордан доллар алып, оны іштегі теңгеге айырбастады дегеннің өзінде артық ақша келеді. Өйткені елдегі тұтыну себетінің 70 пайызы импорт, — дейді сарапшы Парламент Сенатының TaldauTalks подкастында.

 

 

Оның айтуынша, қосылған құн салығының мөлшерлемесін 16 пайызға көтеріп, ҚҚС алынатын айналымның төменгі шегін 15 млн теңгеге дейін түсіру арқылы алынған ақшаның негізгі бөлігі стратегиялық жобаларға жұмсалуы керек.

    — Біз бұл жолы бюджетке инфляциялық әсері жоқ кредит бергелі отырмыз. Мемлекет ҚҚС мөлшерлемесі мен төменгі шегін өзгерту арқылы бәрімізден аз-аздан ақша алып, қайта экономикаға қайтарады. Бұл жерде инфляция механизмі жоқ. Ішкі нарықтан алған ақшаны қайта ішкі нарыққа салады. Қазір ҚҚС-ты көтеру 3 пайыз инфляция береді деп отыр. Кейінгі 5 жылды ғана алайық. 2023 жылы инфляция 20 пайыз болғанда еңсердік пе, еңсердік. Былтыр 10 пайызға жуық болды. Ол тоғыз пайызға 2023 жылдың 20 пайызын қоссақ, кейінгі екі жылда баға 30 пайыздан артық өскен. Оның бәрі бюджетке ауыртпалық түсірді. Ал қазір осы мемлекеттің қаржысын тәртіпке келтіріп жатырмыз, — деді Алмас Чукин.

Сондай-ақ, ол мемлекет экономикадағы мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге бет алып отырғанын айтты.

    — Экономиканың динамикасын ескерсек, ҚҚС-ты көтеру бағаны өсіргенмен, инфляцияға әсер етпейді. Екі жылдан кейін ҚҚС әсерінен қандай инфляция болуы мүмкін? Бәлкім Қазақстанда көлік Өзбекстанға қарағанда қымбаттай түсті деп айтып жүретін шығармыз, — деді сарапшы.

Сөз соңында ол салық пен бюджет саласында шынайы реформа енді басталғанын атап өтті.

    — Мен реформаның басталғанына қатты қуанып отырмын. Өйткені, осы жылдар бойы «Қап, біз дұрыс жолмен кетіп бара жатқан жоқпыз» деп ойлап жүретінмін. Тіпті Дүниежүзілік банк «босқа кеткен онжылдықтарымыз» туралы баяндама жазды. Өзгерту керек еді. Еліміздің қолынан келеді. Еліміз бай, өсіп жатыр, бірақ тиімділік мүлде жоқ. Жағымсыз дүниелерден басталса да, реформа басталғанына шүкір, — деп түйіндеді Алмас Чукин.

Айта кету керек, кеше Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліске салық кодексінің жобасына түзетулер пакетін енгізді.

 
 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT