Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЛҒАШҚЫ САЙЛАУ – ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ

Санаулы күндерден кейін келетін желтоқсан айы – қазақ қоғамы үшін ерекше айлардың бірі.

Дәл осы айда еліміздің қоғамдық өмірінде маңызды саяси, тарихи оқиғалар болды. Атап айтқанда, осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық Президент сайлауы өтсе, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің негізі қалыптасты Негізінде Елімізде Президенттік билік институты 1990 жылы құрылып, сол жылдың 24 сәуірінде алғашқы президенттік сайлау өтті. Нәтижесінде, Жоғарғы Кеңестің 317 депутаты (88,1 пайызы) дауыс беріп, Қазақ КСР Президенттігіне Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Президенттің бастамашылығымен 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Декларацияда «Қазақстан халқын егемендіктің бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк үкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады. Мемлекеттік билiкті тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады. Ал, Президент республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары әкiмшiлiк-атқарушы билiкке ие» деп көрсетілген. 1991 жылғы 29 тамызда Президент Семей ядролық полигонын жабу туралы аса маңызды мемлекеттік актіге қол қойды. Президенттің Жарлықтарымен 1991 жылғы 21 тамызда елдің Қауіпсіздік комитеті, 25 қазанда Мемлекеттік қорғаныс қомитеті құрылды. Сөйтіп, Н.Ә.Назарбаев қабылдаған шаралар аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің негізі қалыптасты.

Ақсақалдың ақ батасы

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған күрделі кезеңде Н.Ә.Назарбаев бүкілхалықтық сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 16 қазанда өткен кезектен тыс сессиясында «Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, Президент сайлауын 1 желтоқсан күні өткізуді белгіледі. Қазақстандық металургтерінің ұсынысымен Президенттікке үміткер ретінде тіркелген Нұрсұлтан Назарбаев елімізді аралап, өз сайлаушыларымен кездесті. Бұл ретте, 10 қараша күні Қызылқоға ауданына келген Н.Ә.Назарбаев «Арман» мәдениет үйінде сайлаушылармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Жиында үміткердің шанымды өкілі Жандарбек Кәкішев Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаянымен таныстырып өткен соң мінбеге шығып сөз сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері Ізни Нұрқасымов:

– Сіз Кремльдегі Съездер сарайының мінбесінен «Қазақстан ешқашан да бірде-бір аймақтың айыл-тартпасы бола алмайды, ешқашан да оның кіші інісі бола алмайды» деп бүкіл дүние жүзіне жарияладыңыз. Бұл күллі Алаш азаматының көкірегінде жылдар бойы тұншығып келген ой еді. Оны қазақта бірінші болып айттыңыз. Елдің атын ер шығаратын болса, сол ер – Нұрсұлтан! Ердің атын ел шығарар болса, сол ел – Егеменді Қазақстан! - деді.

Сондай-ақ, кездесуде сөз сөйлеген ардақты ана Ибаш Тәжманова Нұрсұлтан Әбішұлының халықтың игілігі үшін, болашақ ұрпақ үшін, еліміздің келешегі үшін көп іс тындырғанын жеткізіп, аналарға жасап отырған қамқорлығы үшін зор алғыс айтса, Ленин атындағы кеңшардың директоры Құлмағанбет Қоданов кеңшар еңбекшілерінің Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қызу қолдайтындығын, олардың бір кісідей дауыс беретіндігіне сендірді. Ал, Президенттікке кандидат Н.Ә.Назарбаевты халық арасында насихаттау бағытында ұйымдастырылған ынталы топтың жетекшісі, сол кездегі аудандық «Қызылқоға» газетінің редакторы Нұрлан Қабылов Президенттің бұған дейін тындырған жұмыстары туралы айта келіп, халықтың бірлігін сақтау үшін ел ішінде ұлттық мәселеге байыппен қарау қажет деген пікірін білдірді. Ауданымыздың қол жеткен табыстары, экономикалық жағдайы, нарықтық экономикаға барар тұста жасалып жатқан жұмыстарға тоқталған аудандық Кеңестің төрағасы Есенгелді Нұршаев сөзінің соңында республика көлемінде әзірге Президенттікке лайық Нұрсұлтан Әбішұлынан басқа бірде-бір адам жоқтығын тілге тиек етіп, аудан бойынша сайлаушылар лайықты азаматқа бір кісідей дауыс беретіндігін жеткізді. Сол жиында сөз алған Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаев:

– Қазақстанның 215 ауданының барлығына бірдей баруға мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, алыста жатқан сіздердің аудандарыңызға жол түскеніне өте қуаныштымын. Менің атыма жақсы лебіздер айтқан барлық жолдастарға, жолдан күтіп алып қошемет көрсетіп жатқан аудан халқына шын жүректен алғыс айтамын. Менің осындай күрделі кезеңдегі аса жауапты жұмысымды халық бағалап жатса содан артық награда жоқ деп есептеймін. Өркениетті елдердің бәрінде Президентті халық сайлайды. Бүкіл халық сайлаған Президент қана өзге елдің басшыларымен өресі тең жағдайда сөйлесе алады. Біз 74 жыл бойы қасаң идеямен жүргенде тілімізден, дінімізден, барлық салт-дәстүрімізден айырылып қала жаздадық. Ал, оны бір күнде кері қайтару мүмкін емес. Біз өз халқымызға өзгелер құрметпен қарайтын дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін халқымыздың ауызбірлігі ең басты шарт болып табылады. Өкінішке орай, халқымыздың ішінде әлі де болса жүзге, руға бөліну тыйылар емес. Менің ойымша, ел боламыз десек алдымен осы әдеттен бас тартып, бірлігімізді нығайтайық, - деді.

Кездесу соңында Ленин атындағы кеңшардың аға шопаны, абыз ақсақал Тұманбай Сәтмағанбетұлы Н.Ә.Назарбаевқа жыр жолдарымен ақ батасын берді. Батаның толық нұсқасы кейіннен аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланды.

Халықтың қуанышы шексіз еді

Көп ұзамай, 1 желтоқсан күні елімізде Президент сайлауы өтті. Оған ел халқымен бірге қызылқоғалықтар да белсенділікпен қатысып, өз таңдауларын жасады. Сол кезде «Арман» мәдениет үйінде орналасқан аудандық сайлау учаскесінің мүшесі Гүлнар Каримова:

– Мен біраз уақыт аудандық сайлау учаскесі комиссиясының мүшесі, кейіннен төрағасы болып сайлауға қатыстым. Солардың ішінде Тұңғыш Президент сайлауы менің есімде мәңгі қалды. Өйткені, сол сайлауда мен алғаш рет сайлау учаскесінің мүшесі болып, өз учаскемде сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалыстым. Қыстың алғашқы күні болғандықтан күн райы ызғарлы болды. Соған қарамастан сайлау уақыты басталмай жатып, сайлау учаскесі адамдарға лық толды. Дауыс беруге келгендер құдды бір мерекеге жиналғандай жүздері жарқын, көтеріңкі көңіл-күймен бір-бірімен жарқылдай амандасып, өздерінің Тұңғыш Президентін сайлайтынын, енді ешкімге жалтақтамайтын мемлекет болатындығын нық сеніммен айтып, қуанысып жатты. Бұл күн шындығында жалпыхалықтық мереке болған еді, - деп еске алады.

– Мен Қосқұлақ елді мекенінде сайлаушыларды түгелдей дауыс беруге қатысуды ұйымдастырсам, сол кездегі қаржы бөлімінің басшысы Жеңісбек Есенғарин Бүйрек елді мекені мен «Самал» мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінде, аудандық Кеңестің жалпы бөлімінің меңгерушісі Асан Тұмашев Ақкөл елді мекенінде сайлаушылардың түгел қатысуына жағдай жасады. Ол кезде алыс қыстақтарда мал бағып отырған шопандар көп болатын. Соларға сайлау учаскесі комиссиясының мүшелері сайлау жәшігін апарып, дауыстарын алды. Нәтижесінде, болашағынан зор үміт күткен көздіғаралық сайлаушылар Президенттікке үміткер Н.Ә.Назарбаевқа түгел дауыс берді, - дейді сол кездегі аудандық жастар комитетінің төрағасы Талғат Базарбаев.

Деректерге сүйенсек, Қазақ КСР-і Президентін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді Орталық сайлау комиссиясы, 21 округтік және 10479 учаскелік сайлау комиссиялары қамтамасыз етті. 1991 жылдың 1 желтоқсан күні бүкіл әлемдік қоғамдастық Қазақстанға назар аударды. Осы күннен бастап Қазақстан тарихының жаңа бір жарқын беті ашылды. Тәуелсіздіктің баспалдағынан аттайын деп тұрған қазақ халқының бірлігінің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан Президент болып сайланды. Ал, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып қайта аталды және Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы Қаулы қабылдады. Осылайша, егемен еліміздің еңсесін биіктету жолында қалтқысыз қызмет етіп, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналдырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен үдемелі дамуына, ұлтаралық және дінаралық келісімнің орнығуына, адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде орасан зор еңбек етіп келеді. Ол – қазақ елі үшін және бейбітшілікті сүйетін барлық ел үшін әлемдегі беделді тұлға және ел тарихында Елбасы – Тұңғыш Президент болып мәңгі қала беретіні сөзсіз.

 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521