Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданына жұмыс сапары барысында Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында аймақ басшысы Еңбекші ауылдық округінде атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасап, кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Бүгінде мұнда таза ауыз сумен қамту мәселесі өзекті.
- Бүгінде Құрманғазы ауданы аумағындағы түп тереңдету жұмыстары жүруде. Осыған орай бұл жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Түп тереңдету жұмыстары кезінде үшінші кезекте Еңбекші ауылдық округін таза ауыз сумен қамтып отырған Сұрхан өзенін тереңдету қаралған. Сол себептен бұл жұмыстарды тездетіп шешуіміз керек. Сондықтан үшінші кезектегі бұл мәселені екінші кезектегі қаражат арқылы шешу үшін нақты тапсырма бердім. 30-дан астам шақырым жердің 11 шақырымын қазуды екінші кезектегі мәселемен шешсек, бұл мәселе де тез шешімін табады,-деді С.Шәпкенов.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тасжолының құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауға жауапты мекемелер барын салып жатқанын және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында екенін айтты. Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай ашық кездесулердің нәтижесі халықпен тығыз жұмыс істеуге, елді-мекендердің ахуалымен жіті танысып, ауылдарды дамытуға, инфрақұрылым мәселесін шешуге оң әсерін тигізетінін айтты. Кездесуде тұрғындар таза ауыз сумен қамту, ауылішілік автокөлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын салу, халықты жұмыспен қамту сынды мәселелерді көтерді. Серік Шәпкенов жиында көтерілген сұрақтар заң шеңберінде кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Еңбекші ауылдық округінде 3 969 тұрғын бар. Мұнда 1 мектеп, 1 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория және өзге де әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Облыс әкімінің Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Құрманғазы ауданы әкімдігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.