Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЭС шаруаларға ауадай қажет 

Бүгінде экономиканы алға сүйреп, өрлеу, жаңару – заман талабы. 
 Атом электр станциясының тек қауіптілігін ғана алға тартып, бұл істі кейінге шегеріп, қашқақтай беруге болмайды. Өйткені біздің елде де бұл мәселені сараптап, саралайтын ғалымдар, елдің, қазіргі ұрпақтың болашағын ойлайтын кәсіби сала мамандары бар. Олардың барлығы әр сала үшін бұл станцияның қажеттілігін, маңыздылығын кеңінен түсіндіруде.

Осы тұста «атом электр станциясының ауыл шаруашылығына қандай пайдасы, тиімді тұстары болуы мүмкін? Әсіресе электр энергиясынан тапшылық көріп, қазір баламалы энергия көздерін қолданып отырған шаруа қожалықтары үшін маңыздылығы бола ма?» деген сауал туындайды.
Осы сұрақ аясында біз «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановқа хабарласып, пікірлескен едік.
Фермердің айтуынша, атом электр станциясының елдегі өндірістік орындарға қажеттілігі басым. Қазір ауыл шаруашылығы саласының 80 пайызы инфрақұрылымдық жүйелермен қамтылмаған. Малшы, егінші, ауылшаруашылық құрылымдарының шалғайда орналасуына байланысты электр бағаналарын жеткізуге қомақты қаражат қажет. Электр энергиясымен жабдықтау саласы жекеменшік иелікте. Олар мол пайда түсетін жерлерді ғана электр энергиясымен қамтамасыз етеді де, қашықтағы шаруалар қауымына бетбұрыс жасамайды. 30 шақырым жерге бағандарды тарту 80 млн. теңгені құрайды. Ал бұл қаражатқа электр бағаналарын тұрғызуға шаруагерлердің де мүмкіндігі жоқ. Сондықтан шалғайдағы шаруагерлер электрмен қамтылудан тыс қалып қойып отыр.
–Шаруагерлердің ең басты табыс көзі – табиғи өнім өндіру. Ал олар электр энергиясының болмауынан осы қажеттілікті өтеу алмай отыр. Күнделікті аз-суын сақтайтын тоңазытқыш қосатын мүмкіндігі жоқ шаруагерлерден қандай өнім түрін талап етуге болады?! Халықты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтуда біздің шаруагерлердің толық мүмкіндігі жоқ, материалдық-техникалық базалары төмен.  Соның ішінде энергия жетіспеушіліктің салдары біраз қиындық тудырып тұрғаны жасырын емес. Бүгінге дейін бұл мәселеге басым ден қойылып, қолдау көрсетілген де жоқ. Сондықтан қазір алыстағы шаруагерлер жарықсыз күн кешуде, — дейді Мұрат Сарманов.
Осындай тығырықтан шығу үшін облыстағы кәсіп иелері баламалы электр энергиясы – күн сәулесін пайдалануды алға қойған. Мұның өндірістің жұмысын қарқындатуға күші жетпейді, әрине, тек тұрмыстық жағдайға ғана қолданып келеді. Өйткені Қазақстанда ірілендірілген электр жабдығы жоқ.
–Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуда баламалы энергия көзін өндіретін кез жетті. Біз қазір Қытайдан шығарылған күн сәулелі панельдерін қолданып отырмыз. Бұл құрылғының Өзбекстанда жаңарған түрлері шығарылып, қолданысқа енгізілуде.
Елімізді күн сәулесінен энергия алатын қондырғыларды 2-3 жыл бұрын субсидиялау жүзеге асырылды. Бірақ бізге пайдалану мерзімі өткен құрал-жабдықтар жеткізілгендіктен, оны ұзақ уақыт қолдана алмадық. Егер елде панельдер шығаратын өндіріс орындары ашылса, мемлекеттен бөлінетін субсидия сол кәсіпорынға аударылса, біздің мәселеміз жүйелі шешімін тапқан болар еді. Облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан шаруашылықтар бар. Мұндай жерлерге электр бағаналарын орнатып, жеткізу өте қомақты қаражатты талап етеді. Бұл мемлекет тарапынан оп-оңай қазір қаржыландырылып, әп-сәтте шешіле қоймасы анық. Сондықтан мәселенің оң үйлесімі баламалы электр энергиясымен қамтуды күйшейту болып табылады десек, атом электр станциясы туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде осы бағыттағы проблемалар да қалыс қалмауы керек.  Шаруагерлердің жоғарыда айтылған мәселелері елде электрмен қамтуда бірқатар мәселенің барын растайды. Ал проблеманың шешімін атом электр станциясы негізінде баламалы энергия көздерін дамытуды күшейту арқылы оң шешімін таптыруға күш салынса құба-құп, — дейді Мұрат Сарманов.
Осылайша кезіккен қиындыққа дес бермей, шалғай ауылда шаруасын жылдар бойы дөңгелентіп отырған кәсіп иесі баламалы энергия көзін 8 жыл бұрын қолданысқа енгізген.
–Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылдық округіндегі «Нұрлы дала» агрофирмасында бұл қондырғы 5 кВт электр энергиясымен қамтып тұр. Бізде мұндай қызметті атқаратын 8 панель бар. Бұл қондырғылар күндіз ашық, жарық уақытта энергияны жинап, аккумулятор мен батареяға сақтап алады. Бұл көздер арқылы энгергияны тұрмыстық жағдайда ғана қолданып келеміз. Дамыған елдер осындай жабдықтардың 15-50 кВт. өндіретін түрлерін қолданып, әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Мәселен, Голландияның 200-300 үйі бар ауылы тұтастай осындай баламалы энергия көздерімен қамтылып, өз шаруашылықтарын оп-оңай игеріп отыр, — дейді М.Сарманов.
Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, баламалы энергия көздері тиімдірек болғанымен, мұндай жаңартылған энергия көздері де баяу қарқында көміртек бөледі екен. АҚШ Radiant Energy Group компаниясының басқарушы директоры Марк Нельсонің ғылыми зерттеулері бойынша, күн панельдері ұзақ жыл жұмыс істеген соң күн түспеген сәттерде кВт/сағатына 20-дан 100 граммға дейін көмірқышқыл газын бөле бастайды. Жел электр станциясы да 5-тен 25 грамға дейін көміртек бөледі. Ал атом электр станциясынан бөлінетін көмірқышқыл көлемі бұдан әлдеқайда төмен, бұл көрсеткіш кВт/сағатына 2-2,5 гр. құрайды. Дүние жүзіндегі атом электр станцияларының көпшілігі ең көп дегенде атмосфераға шамамен 5 г көмірқышқыл газын шығарады.
–Германия өткен жылы атом станцияларының жұмысын тоқтатқанымен, оның соңы жақсылыққа әкелмеді. Ядролық реакторларды пайдаланудан бас тартқан кезде керісінше, көмірқышқыл газының шығыны артты. Екіншіден, ел үшін қаржылай қиындық туды. Олар атом электр станцияларын ауыстыру үшін әлдеқайда қымбат баламалы энергия көздерін іздеуге көп уақыты мен қаражатын кетірді. Мұндағы электр энергиясының құны әлемдегі ең жоғары бағалардың қатарында болды. Ақырында соңғы атом электр станциялары жабылған кезде Германияда энергетикалық дағдарыс басталды. Егер ел атом электр станцияларын сақтап қалса, ондаған миллиард еуроны үнемдеген болар еді, — деп жазады Марк Нельсо өз жазбаларында.
P.S. Энергиямен қамтамасыз етуде, жасыл технологиялы баламалы энергия көзін өндіруде атом электр станциясы – ең тиімді жол. АЭС құрылысы өңірдің энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп, жергілікті ауыл шаруашылығы мен экономиканың одан әрі дамуына да катализатор болады. Десек те АЭС салуда тек қана құрылысы тұрғызылған аймақтың мәселесін ғана оңтайландырып қоймай, басқа өңірлердегі шалғайда орналасқан шаруашылықтардың да энергиямен қамтылуы қалыс қалмаса игі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521