«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі – 541 млрд теңге. Онда 36 қатысушы тіркелген және алдағы 5 жылда металл конструкция, полимер түйіршігі, целлюлоза, жоғары кернеулі изолятор және басқа да өнімдер шығаратын жобалар іске асырылады. Арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін арттыру үшін қатысушылардың өз міндеттемесін орындауы бойынша бақылауды күшейттік, жобаларды іріктеу критерийлерін кеңейту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», дейді облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.
Екібастұзда жалпы қуаттылығы 460 мың тонна болатын 3 ферроқорытпа зауыты салынып жатыр. Екеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Кеншілер қаласының маңында биыл болашақ электр металлургия зауытының капсуласы салынды. Жоба тау-кен металлургия кешенін дамытуға тың серпін беретінін атап өту керек. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу жобасы, сұйытылған мұнай газын пайдалану жобасы іске асып отыр. Бұған қоса жылына 97 мың тонна алкилат шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. «Алкилат» зауыты экологиялық талаптарға сай К5 класындағы тауарлық бензин өндірісінде жоғары октанды компонентті алу үшін пайдаланылады.
Өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Курманованың дерегінше, жыл қорытындысы бойынша Ертіс – Баян өңірінің түрлі саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылады деп болжанып отыр.
«Инвестициялардың басым бөлігі (53%-ы) өнеркәсіп саласына, оның ішінде өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі. Тағы 19%-ы ауыл шаруашылығына, сондай-ақ 16%-ы көлік және қоймалау салаларына қатысты. Павлодар облысында өңдеу және тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, бай минералды-шикізат базасы, дамыған энергетикалық инфрақұрылым шоғырланған. Инвесторлар үшін бұл ең әуелі энергияға жұмсалатын шығындардың арзандығын білдіреді», дейді басқарма басшысы.
Мамандар көлік және қоймалау саласындағы инвестициялардың өсе түсуіне облыстың негізгі көлік дәліздерінің қиылысында орналасуы себеп дейді. Облыс Ресеймен шекаралас, біздің өңір арқылы шетел компаниялары Қазақстанның ішкі нарығына қол жеткізіп, Қытайға шыға алады. Осы ретте логистикалық орталық, терминал, қойма және инфрақұрылымдық жобаларға сұраныс артып келеді. Инвесторлар мұны тауар ағынын ұлғайту және халықаралық сауданы дамыту арқылы ақша табу мүмкіндігі деп есептейді. Өңірге қаржы құйып отырған ең белсенді елдер – Қытай, Ресей, Түркия, Германия және Франция.
Аймақтың инвестициялық жобалар пулы 2032 жылға дейінгі іске асыру кезеңімен есептегенде 100-ден астам жобаны құрайды. Жиынтық құны – 7 трлн теңге. Негізгі капиталға инвестиция көлемі жөнінен өңір еліміздегі үздік 10 аймақтың қатарына енген. Салынған инвестиция есебінен жыл басынан бері 500-ге жуық жұмыс орны құрылған. Ал шетел қаражатының құйылуымен тек былтыр жалпы құны 20,4 млрд теңге болатын 5 жоба іске қосылған. Олар – жиһаз, алюминий және биметалл радиаторларын өндіру (аккумуляторларды қайта өңдеу), электрмен дәнекерленген түзу тігісті құбырларды шығаратын зауытты жаңғырту және сүт-тауар фермасын салу жобалары.
Биыл Павлодар өңірі агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестиция көлемі бойынша республикада екінші орынға шықты. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленовтің айтуынша, аймақта жалпы сомасы 38,4 млрд теңге болатын 25 жоба (қайта өңдеу кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау нысандары және суармалы жерлер) дайын тұр. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 125 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Павлодар облысы