Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘЖЕЛЕР ЕРТЕГІ АЙТТЫ

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын.

Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деп бүгінгі елдің басына төнген қауіпті бірауыз сөзбен жеткізіп берді. Иә, шынымен де қазіргі қоғам тәрбиелеп жатқан ұрпақтың басым көпшілігі бесік жыры мен әженің мағыналы ертегісіне зәру. Ал, сол олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Міне, сол сұраққа жауап іздеу мақсатында, «Даналық мектебі» клубы аясында Халел Досмұхамедов атындағы орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шырынгүл Жұмагереева, Рита Батылова, Айнұр Рашбаева, Рысгүл Жұмановалардың ұйымдастыруымен «Ертегі – танымның көзі» атты интерактивті сабақ болып өтті. 

Шара басталмас бұрын ақ жаулықты әжелердің немерелерін ертіп келе жатқаны көңілге көрік ұялатып, қазақтың ұлттық құндылықтарын айқындай түскендей.  Шараға қатысушы әжелер ең алдымен өздерінің әжелерін еске алып, олардан көрген тәлім-тәрбиені еске түсірді. Айталық, бірі шоққа жапқан таба нанын айтса, енді бірі тазалығы, еңбекқорлықтарын сөз етті. Одан соң  әжелер 4 топқа бөлініп, қиял-ғажайып, хайуанаттар жайлы, тұрмыс-салт, заманауи ертегілерді сол сәтте ойдан құрау тапсырмаларын орындады. Бұл тұста әжелердің бірі берілген тақырыпты аша алса, енді бірі «Ерте, ерте, ертеде...» деп бір сәт балалық шаққа саяхаттады.

Сонымен қатар, әжелеріміз «Әжем айтқан ертегі» әнін караокемен орындаса, «Ертегі...» сөзін жалғастырып, мағыналы ойларын жеткізді. Шара соңында, әжелеріміз тақтада ілулі тұрған даналық ағашына бүгінгі сабақтан не түйгенін және де тілектерін жазып ілді.

Халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаса керек. Екі сағатқа созылған интерактивті сабақта әжелеріміздің әр айтқан сөзі тәрбиеге тұнып тұрды. Ендеше, тәрбиенің алғашқы мектебі қазыналы қарттарымыз аман болса игі дейсің.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT