Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт.
Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт. Бұл тектік әлеует пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық моделі. Соның айғағындай боп қазақта «Қасқа айғырдың құлыны тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапалық категория қалыптасыпты.
Халық ақындарының:
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге, – деп толғайтыны сондықтан болса керек. Қазақ әлеуметінің түпсанасында бұл дәстүрлі танымдық жүйе әлі жұмыс істеп тұр. «Атасының баласы» немесе «атасына тартқан» бала біздің түсінігімізде құрметті оятатын дүниелер.
Бала күнім ғана емес, қазірдің өзінде көзі қарақты ел ақсақалдарының ауызынан «атасына тартқан» деген сөзді естігенде кеудемде мақтаныш тұтанады. Атам Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қондырып салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Абыз жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенін талай естігенім бар.
Әркім өзімен теңдес адамдармен тамыр болып, андаласатыны қазақта ежелден бар дәстүр. Анданың қазақ түсінігінде салмағы ерекше. Тіпті дәстүрлі қазақ қоғамында балаға бәсіре темірден бәсіре тайға дейін енші бөлгенде қостан дайындап, бір данасын баланың андасы үшін сақтаған. Осының өзі-ақ анда ұғымының қандай ардақты болғанын ұқтырса керек. Қазақтың белгілі қабырғалы ақыны Несіпбек Айтұлының атасы Айт ақсақалмен менің атам Құрманғали андаласып, андалықтың серті ретінде бір-біріне бүркіт сыйлаған. Атамның қасқыр алатын үйдей қара бүркіті туралы хикая бала кезімнен құлағыма сіңген. Сол үйдей қара бүркіт достықтың куәсі екенін кейін білдім.
Күллі табиғаттың тілін біліп, аспанның серісі – қыранды қолына қондырған біздің халық адалдық пен ант түсінігіне де ерекше жауапкершілікпен және құрметпен қарағаны байқалады. Атамыз Құрманғали ақсақалдың өзімен жолдас болған бүркітімен арасындағы қимас хикаялар көп. Үй алдында тұғырда отырған томағалы бүркітке әлдебір қонақтың қасқыр алатын төбеті таңға жуық абайсызда шапса керек. Бүркіт оны бүріп өлтірген. Бірақ арпалыс кезінде ит топшысын шайнап жіберіпті. Енді аң алуға жарамайтын серігімен атам Құрманғали қимай қоштасыпты. Тарбағатайдың бір биік шыңына апарып, бір бағланды сойып алдына қойып, аяқбау, томағасын алып, еркіндікке жіберді. Саятшылықтың талай қызығын көрсеткен сол қыранымен қоштасуы атамыздың бүкіл қызығымен қоштасуындай болып, жанына батқанын атамыздың жанына ерген інісі Шайхсіләм ақсақал жырдай қылып айтып, сағынып отырушы еді. Бүгінде екеуі де жоқ. Шайхсіләм ақсақал жыл басында ғана мәңгіліктің сапарына аттанды. Қазыналы қарттарымыз күн санап азайып барады.
Қазақтың ант ұғымын ерекше қастер тұтқанының бір белгісі Құдаймен анттасу. Бұл – сирек болатын, ерекше құбылыс. Баласыз адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Жаратқаннан тілейтін немесе мойнына кісесін салып жалбарынатын тылсым рәсім қазақ арасында әлі бар. Шыңғыс қағанмен он сегіз жыл соғыстан жеңілген найманды қырғыннан аман алып қалу үшін Кетбұға бидің «Қарала белдік мойнымда, сауға Шыңғыс, сауға» деп тартқан күйін Таласбек аға Әсемқұлов бізге жеткізді. Қазақтың күй қазынасына әкеліп қосты. Біздің әулетте сондай ерекше оқиғаның болғанын ауыл ақсақалдарының аңызынан талай естідім. Құрманғали атам жалғыз қызы Күләннан кейін ұзақ уақыт бала сүймепті. Әжеміздің бойына біткен баланың бәрі шетіней берсе керек. Сосын атам мойнына кісесін салып Құдайдан ұл тілеп, қазақтың ежелден келе жатқан ескі дәстүрін жасаған көрінеді. «Шыр еткен сәбидің маңдайынан иіскеген соң жанымды тарт» деп тілепті. Құдай тілегін қабыл етті. Әкем Уәли қырқынан шыққаннан кейін, атам ауырмай-сырқамай өмірден озыпты. Қазақтың осы тылсыммен жалғасқан ғажайып дәстүрі жайында Қабдеш аға үнемі айтып отырады. Атамыз мойнына кісесін салып тілеп алған сол тағдырлы баладан бүгінде біз өрбіп отырмыз.
Адамның балалық шағы өмірдің ең аяулы кезеңі ғой. Балалық шағың қазақтың ескі ауылында өтсе, бұл тіпті де сәруәр сағынышқа айналары хақ. Менің бал күнім шығыстағы Ақсуаттың Ойшілік деген ертегідей шағын ауылында өтті. Әке-шешеміз қарапайым адамдар. Еңбектің, нысаптың және тәубенің қадірін тым жақсы түсінген, бастарынан ыстық-суық көп өткен жандар. Шешеміз біз оқитын мектептің қоңырауын соғатын және тазалық жұмыстарымен айналысатын. Біз де сабақтан қолымыз босаған әредікте анамызға қолғабыс жасайтынбыз. Бұл ешқашан да бізге намыс саналған емес. Біз анамыздың сол жұмысын отанға үлес қосу деп қабылдадық. Ал анамыз өз жұмысын жақсы көретін. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың, тіпті көптеген адамдардың сондай қарапайым еңбек адамына деген көзқарасын көріп, қынжыламыз. Бұл біздің жас ұрпақтың еңбекке деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра алмағанымызды, арысын айтсақ, дұрыс тәрбие бере алмағанымызды білдірсе керек.
Әкем мен анамның отасқандарына қырық жылдан асты. Әкем де еңбекқор кісі. Бізді бала кезімізден еңбекке баулыды. Егін суартып, кірпіш құйдырды, мал бақтырды. Жанына алып жүріп, өмірге үйретті. Қазақта «Қасқыр күшігін қарпып сүйеді» дейтін асқақ мақал бар. Әкемнің қаталдығының арғы жағына жасырынған бізге деген махаббатын ойласам, осы мақал есіме орала береді. Әкеміз жыл сайын қыркүйек айында жалақысының сексен пайызына газет-журналға жазылатын. Пошташы Бейсен ағамыз Мәскеуден шығатын «Новая время» журналын осы ауданда тек сенің әкең ғана жаздырып алады» деп күлетін. Тек ол ғана емес, күллі Совет одағындағы белгілі басылымдардың бәріне жазылатын («Известия», «Правда», «За рубежом», «Советский спорт»). Алматыдан жарық көретін мерзімді басылымдарды түгел жаздырып алып оқитын. Облыстық және аудандық газеттер екібастан. Біз бала күнімізден осы басылымдарды оқып өстік.
Анам мейірімді жан. Бармағынан өнер тамған шебер. Анамның жүн түтіп, оны ұршықпен иіріп, түрлі-түсті қылып бояп тоқып беретін қолғаптары, мойынорағыштары мен кеудешелерінің жылуы әлі жүрегімде. Анам сол әдемі қолөнеріне өзінің ыстық ықыласы мен толқыған мейірін қоса тоқитын еді. Бүгінде үлкен азамат болсақ та, анамның әжім басқан жүзіне, маңдайына уақыттың салған аяусыз іздеріне қарап отырып, сол риясыз аяулы кездерді сағынамын. Сондықтан да анамның сол кездегі ұршығы, тоқыма таяқшалары мен бізін әлі күнге әулетіміздің қымбат естелігі ретінде сақтаймыз.
Анам мен әкем бүгінде бауырынан өрген бес құлыншағының ғана емес, тұтас әулеттің қазыналы қартына айналды. Немере сүйіп, жиендерін қызықтап, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің басқалқасы болып отыр. Халқымыздың «Қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөзі осындайда айтылса керек. Анда-санда әулетіміз бас қосып, арқа-жарқа болғанда мұнар арасындағы өткен дәурен, аяулы адамдар туралы қызықты естеліктер айтылып, біздің сарайымызды ашып, санамызды жаңғыртатыны бар. Мен ондай сәттерді ештеңеге айырбастай алмаймын. Біздің тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық кодты жаңғырту дегеніміздің бір бастауы осы қазыналы қарияларда жатыр. Әмәнда ауыл мен ата-әжеден балаларымыздың кіндігін үзбегеніміз абзал.
Ауыл бәріміздің де алтын бесігіміз. Мен көктей шолып өткен жоғарыдағы шағын естеліктің, санамызда сәулесі ойнаған қызықты кездердің бәрі де сол ертегідей ауылда өтті. Бүгінде азамат болған біздер ауылымызға кішкентай болса да көңілімізді білдіріп, перзенттік парызымызды өтегіміз келеді. Бұл – ауылдан шыққан барлық баланың асыл арманы. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдерімен жұмыстарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше ынталандыру керек» деген болатын. Біз де ел десе жүрегі елжірейтін бірнеше азаматтың ықыласымен туған ауылымыздағы өзіміз оқыған мектепке кішкене ғана сый жасадық. Ауыл мектебінің үш сыныбын заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Бұл ақпарат мақтан үшін емес, бір жағы Елбасы бастамасын өз ісімізбен қолдағанымыз болса, екінші тұсы бәріміз де туған ауылымызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей қызмет қылсақ, ауылымыз бұдан гөрі еңселірек болар ма еді деген ниеттен шығып, азаматтарға ой салар деген үмітпен айтылып отыр.
Өзімнің балалық дәуренім мен өскен ортамды бүгінгі қырықтан асқан жігіттің көзімен шолған сайын қазақтың тәрбие институттарының, отбасылық дәстүрінің өте ізгі және озық болғанын ойлап, таңданысым арта түседі. Әулет дәстүрі, әже институты, нағашылық дәстүр, ағалық институт және осының ең биігінде тұрған ақсақалдық институт бізді мыңжылдықтардың дауылы мен жауынынан аман алып өткеніне еріксіз иланасыз. Қазақ өмірінің жазусыз заңдарына айналған «ағайынның азары болса да, безері болмайды», «ағаңмен араз болсаң да, арыңмен араз болма» немесе «көптен кеткен көмусіз қалар» деген қорғасындай ауыр кодекстердің бәрі осы әулеттік институттың шеберханасынан суарылып шыққан болаттай өткір сөздер екенін кештеу болса да білген сияқтымыз.
Әулет аман болса, ел аман. Әр әулет – жұрттың бір-бір уығы. Уығы мықты елдің – ғұмыры да ұзақ болмақ. Сондықтан ежелден қалыптасқан әулет институтын дамыта түскеніміз абзал. Қазақтың ізгі дәстүрлері мемлекеттің негізгі ұстын-тірегі болса, біз «күн сөнгенше сөнбесіміз» анық.
Берік Уәли
Материал didar-gazeti.kz сайтынан алынды