Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Шетелдіктер білім беретін орталық ашылды

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Жолдауында ауылдық жерлерге басымдық беруді, ауылдарды дамытып көркейтуді, инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, мәдениет, білім ошақтарын көбейтуді тапсырған еді. Осы ретте ағылшын тілін үйренемін деген махамбеттіктер үшін жағымды жаңалық. Жу­ырда аудан орталығында ағылшындықтардың өзі келіп дәріс беретін орталық ашыл­ды. Оның басшысы небары 19 жастағы жас кәсіпкер – Ерасыл Еркінғалиев.

Бүгінде ағылшын тілін меңгеру заман талабы ғана емес, әлемдік кеңістікте табысты болудың басты қадамдары десек болады. Орталық жетекшісінің де мақсаты – шетелдік мамандарды жұмысқа шақыру арқылы ауыл жастарына қолжетімді мүмкіндік беріп, тіл үйренуге қызығушылықтарын ояту.

Бұған дейін көршілес Исатай ау­данында ашылған орталықтың ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. 2023 жылдан бері екі жүзден астам шәкірт дайындап, күні бүгінде бір айда сексеннен астам баланы оқу бағдарламасымен қамтып отыр. Шәкірттерінің ара­сында үшеуі Атырау PetroTechnic жоғарғы колледжіне грантқа оқуға қабылданса, бір оқушы ағылшын тілнде өткен республикалық дебаттан орын алып келген. Қысқа мерзімде осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізген орталық жетекшісі Ерасыл Дарынұлы – тіл үйрену мақсатында шетел асып білім алып келген жерлесіміз.

– 7-8 сыныпта оқып жүргенде ағылшын тілін оқуға қызыға ба­стадым. Жанымдағы достарыммен Mac.Donalds сынды шетелдік сау­да орталықтарына телефон соғып, ағылшынша сөйлесетінбіз. Ауыл­да өзімнен төмен сыныптың бала­ларына қосымша дәріс беріп, тіл үйрете бастадым. Уақыт өте бала­лармен жұмыс жасау қабілетім де қалыптасты деуге болады. Сөйтіп, мектеп бітірген соң ойланбастан, Нью-Йоркке білім қуып кеттім. Сол жақта бір жылдан астам бо­лып, тәжірибе жинадым. Осы уақыт аралығында түсінгенім – бір кездері мен сияқты қарапайым ауыл бала­сына шетелдік азаматтан білім алу мүмкін емес болып көрінді. Ал, қазір мен өзімнің бала күнгі арманым­ды біртіндеп жүзеге асырып, басқа балаларға, тіпті ересектерге осын­дай қолжетімді орталық ашып отыр­мын. Мұндағы мамандардың бәрі – бірнеше жылдық еңбек өтілі бар, осы саланы толық меңгерген, аудито­риямен жұмыс жасай алатын білікті лингвист мұғалімдер. Біздің басты мақсатымыз – білімге, тіл үйренуге құштар жандарға қолдау көрсету және олардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға жол ашу,-дейді жас кәсіпкер Е.Еркінғалиев.

Махамбет ауданындағы шетелдік мамандар сабақ беретін ағылшын тілін үйрену орталығының ашылуы­на аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов та қатысып, құттықтау сөзін арнады. Сонымен қатар, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев та қатысып, жас кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі.

Ерасылдың кәсібі заңды тіркелген және өзінің бірнеше адамнан құралған командасы бар. Тілдік курстың арнайы бағдарламасы да ата-аналарға арнайы ұсынылады. Курс бағасы қолжетімді әрі жас ерекшелігіне қарай топтарға бөлініп, оқытылады. 3-сынып оқушысынан бастап, егде жастағы адамдарға дейін келуге рұқсат. Бұған дейін Исатай ауданында жасы алпыстан асқан зей­неткер орталықтың ең үлкен шәкірті болған екен. Білім алудың кеш еместігіне дәлел осы болса керек. Ауыл баласына тіл меңгеруді мектеп­те ғана емес, қосымшада қолжетімді етем деген Ерасылдың бастама­сымен біз де құттықтадық. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұранмен жас та болса, қос ау­данды қамтып, арнайы мамандар­мен жұмыс жасап отырған орталық жақсы нәтиже көрсетеріне сенеміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT