Жақында Ұлттық кітап күніне орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен "Руханиятқа жол ашқан кітап" атты «Кітап шоу - 2025» фестивалі болып өтті. Оған кітапхана оқырмандары, ауыл тұрғындары белсене қатысып, мереке ерекше көңіл күймен тойланды.
Шараны балалар кітапханасының оқырмандары «Кел, досым, кітапханаға!» әнімен ашып, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов мерекелік құттықтау тілегін білдірді.
– Бүгінгі мерекенің мәні мен маңызы ерекше. Осынау мереке халық арасында кітап оқуды насихаттауға септігін тигізіп қана қоймай, кітап мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы, рухани бай болады. Ал, ұлттың болашағы осындай құндылықтар арқылы қалыптасады. Ауданда атаулы күнге орай, барлық кітапханада түрлі шаралар ұйымдастырылып, мереке айшықты тойлануда, - деді ол.
Содан соң Миялы балалар өнер мектебінің «Айжан-ай» бишілер тобы «Кітаппен достасайық» тақырыбында флешмоб билесе, «Ашық аспан астындағы кітапхана» атты кітап көрмесінде кітапханашы Кенжегүл Сатаева мен Гүлзада Мәулекенова көрме мазмұнымен таныстырды.
Фестиваль аясында «Қаламгердің жолы: шабыт пен шынайылық» шығармашылық кездесуіне ақын Бағдагүл Қайыңбай мен Гүлжазира Омарова шақырылып, ашық сұхбат жүргізді. Ақындар қонақкәдеге жыр шумақтарын оқып, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Мен оқыған қызықты кітап» атты ой бөлісу сәттерінде кітапхананың тұрақты оқырмандары өздері оқыған кітаптарын талқылап, жастарды кітап оқуға шақырды.
«Ой бөлісу» айдарының қонағы болған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қарауыл бастығы Бауыржан Жәрдемғали:
– Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде жатақханада бірге жатқан курстасым кітапты көп оқитын. Бірде оның оқып жатқан кітабына көзім түсті. Ол жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабы еді. Бастап оқып көрдім. Кітап сюжеті мені елітіп әкетті. Ол кітапты қалай оқып кеткенімді, кейін кітапқа деген қызығушылығым қалай артқанын байқамай қалдым. Қазір кітап оқу менің сүйікті хоббиім, -деп ағынан жарылды.
Ал, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында Сәулет Сәуірбай орталық кітапханаға 50 кітап сыйлады.
– Мен кішкентайымнан кітап оқуға құмармын. Аудандық балалар кітапханасына келіп өзім сынды қатарластарыммен жарыса кітап оқитынбыз. Кітап оқу арқылы білім көкжиегіміз кеңейіп, сөйлеу мәнеріміз қалыптасты,- дейді Сәулет Сәуірбай.
«Жыр мен әнге бөленген кітап әлемі» атты поэзия бөлімінде жас оқырмандар Абай, Мұқағали, Міржақып, Жұмекен сынды қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының шығармаларын мәнерлеп оқыса, «Бояулармен бейнеленген кітап ғажабы» атты сурет көрмесі мен каллиграфия бұрышы көпшілікке ұсынылып, жас суретшілер мен шеберлер өз өнерлерін паш етті. Бұдан бөлек «Нұр-Шуақ» балабақшасының ересек “Құлыншақ” тобының балалары “Үйшік” ертегісін сомдады.
Шара соңында аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары Гүлжамал Озғанбаева қорытынды сөз сөйлеп, белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА