Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Отандық ғалымдардың жаңалығы

Nazarbayev University ғалымдары паркинсон ауруына қатысты DJ-1 ақуызының жаңа қызметін анықтады. Зерттеу нәтижесі кейінгі 20 жылдағы ең маңызды жаңалық ретінде танылып, биохимия саласындағы беделді журналдардың бірі «Nature Communications» журналына жарияланды.

 Отандық ғалымдар әлем­де бі­рін­ші болып DJ-1 ақуызы­ның жаңа молекулалық қызме­тін дәлелдеді. Ақуыздың мута­цияланған бұл түрі паркинсон ауруына шалдыққан науқастарда кездеседі. Дегенмен ақуыздың нақты қандай қызметінің бұзы­луы ауруды асқындыратыны бел­гісіз болып келген. Зерттеу тобы тәжірибе жүргізіп, DJ-1 про­теині организмдегі гликолиз кезінде түзілетін улы жанама өнімді бейтараптандыруға қабі­летті жалғыз молекула екенін дәлелдеді. Атап айтқанда, ақуыз «cPGA» деп аталатын реактивті молекуланы залалсыздандырады. Nazarbayev University докторанты Айжан Ахмадидің сөзінше, ғылыми жаңалық паркинсон ауруының себептерін тереңірек түсінуге әрі жаңа емдеу әдістерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар DJ-1 ақуызы қатерлі ісік жасушаларында да кездеседі. Яғни осы ауру­ды емдеуге арналған дәрілерді де жасауға көмектесуі әбден мүмкін.

Зерттеу нәтижесі беделді «Nature Communications» журналында жарияланды. Журнал биохимия саласындағы ең үздік басылымдардың қатарына кіреді. Бұл зерттеудің әлемдік ғылым үшін маңыздығын көрсетеді. Елімізде бұған дейін жаратылыс­тану ғылымы саласында мұндай деңгейдегі жұмыс жарияланбаған. «Nature Communications» журналында мақала жариялау оңай болған жоқ. Редакция мен сарап­шылардың барлық талабын орын­дауға сегіз ай жұмыс істедік. Бұл біздің табандылығымыздың жемісі деп білемін», дейді Айжан Ахмади.

Айта кетейік, зерттеу Nazar­bayev university провост кең­сесінің «Адамның DJ-1 ақуыз сигнализациясының молеку­лалық механизмдері» гранты аясында 2019–2023 жылдар аралығында жүзеге асырылған. Жұмысты NU докторанты Айжан Ахмади мен медицина мектебінің магистранты Әділхан Ескендір Nazarbayev University ассистент-профессоры Дархан Өтепбергеновтің басшылығымен жүргізген.

Ғылыми жоба жетекшісінің бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар. Ол шетелдік озық ғылыми орталықтарда қызмет атқарған. Дегенмен Дархан Өтепбергенов өзінің кәсіби мансабындағы ең үлкен ғылыми жетістігіне елімізде жеткенін ерекше атап өтті. «Мен Германияда, Ресейде, АҚШ-та жұмыс істедім. Бірақ өз елімізде ең үлкен ғылыми жетістігіме қол жеткіздім. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш», дейді ол.

Жас ғалым Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша білім алған. Шетелде оқып келген соң, университетте жұмыс істейді. Осы кезеңде ғылымға деген қызығушылығы арта түскен. «Аурулардың себептерін, олардың қалай дамитынын, ағзаға қалай әсер ететінін зерттеуге қызығамын. Әсіресе паркинсон, альцгеймер, қа­терлі ісік ауруларын емдеуге өз үлесімді қоссам деймін», дейді ғалым.

Айжанның айтуынша, ғалым­ның өмірі – үздіксіз ізденіс пен еңбек. «Ғылым – бұл ізденіс. Сен әрдайым жаңа нәрсені үйрене­сің, алға қойған мақсатыңа жетуге ұмтыласың. Осы үдеріс маған ерекше шабыт береді», дейді ол.

А.Ахмади елімізде жас ғалым­дарға арналған мүмкіндіктің көп екенін атап өтті. Ол «Жас ға­лым» гранты сияқты мемлекет­тік қолдаудың арқасында зерт­теу­шілердің ғылымға деген қызығу­шылығын арттыруға болатыны­на сенімді. «Қазақстанда жас ға­лым­дарға арналған көптеген грант бар. «Жас ғалым» грантына өтініш беріп, зерттеу жүргізуге болады. Ғылымдағы ең басты қасиет – табандылық пен білімге құштарлық. Біздікі әлі бастамасы ғана. Алда бұдан да үлкен жаңа­лықтар болады деп сенемін», дейді жас ғалым.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT