Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланатынын білсе керек. Неге десеңіз, мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті әрі мейірімі мен парасат-пайымы.
Көрісу мерекесімен тұспа-тұс келген Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек» деп саланың рөліне басымдық берген еді.
Наурызнама онкүндігінен бастау алған Ұлық мерекеде барлық мәдени мекемелер аудан жұртшылығына арнап іс-шаралар ұйымдастырып, бірлік пен ынтымақтастықтың озық үлгісін көрсетті. Әсіресе, мәдени шаралардың халықтық сипат ала бастағанын айтуымызға болады.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін түрлі фестиваль мен байқауларды, концерттерді ұйымдастырып, оларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз десек те, музей мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, мәдениет үйлерінің қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді.
Бүгінгі күні ауданның мәдениет саласында жеті мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындары және оған қарасты үш клубтық филиалдар мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 13 кітапхана бөлімшелері, кинотеатр халыққа қызмет көрсетеді. Одан бөлек, облыстық тарихи өлкетану мұражайына қарасты аудандық мұражай, Елтай, Жарсуат ауылдарындағы мұражайлармен қатар, республикалық маңызы бар М.Өтемісұлы атындағы қорық бар. Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы әскери-даңқ мұражайы халыққа қызмет етуде.
Ауданның мәдениет саласында жалпы 225 адам қызмет етеді. Оның 44-і кітапханашы. Мәдениет үйлерінде түрлі жанр бойынша 35 үйірме жұмыс жасайды, оған 400-ге жуық адам қатынасады.
Аудандағы мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымдық дамуы жағынан жақсы деңгейде. Барлық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткен. Ауылдық округтерге интернет желісін қосу жұмысымыз сәтті аяқталды. Еліміз бойынша жалғыз біздің ауданымызда ғана 3d кинотеатр бар. Кинотеатрда аптаның алты күнінде халыққа отандық және шетелдік кинолар көрсетуде. Бұл да аудан халқына жасалған оңды істердің қатарында.
Шығармашылық ұжымдағы басты жетістік - «Халықтық» атағы. Ауданда «Халықтық» атағы бар бес ұжым, "Үлгілі" атағы бар төрт ұжым бар.
Бұның барлығы да мемлекет басшысы айтқан мәдениет саласының дамуына жасалған қолдау деп білемін.
Мәдениет саласының өркендеуі бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Жеміс Тілепқалиева,
Индер аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы