Қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың бел ортасында келіп, жұлдыздай ағып өткен танымал тұлғалардың бірі, отыз алты жыл ғұмыр кешіп, өзінен кейін өз алдына жеке зерттеуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырған ақын, қаламгер Меңдекеш Сатыбалдиевтің 85 жылдығына орай «Өмір жырын шерте білген» атты тақырыбында поэзия кеші өтті.
«Бір өлке – бір жазушы» акциясы ясында өтіп жатқан кештің мақсаты – оқырмандарға аталмыш ақынның өмірбаянынан мағлұмат беріп, шығармаларын насихаттау.
Шара барысында, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Сағатқызы ақынға арнап шығарған өлеңін оқыса, әрі қарай Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясының 8-сынып оқушысы Айсұлтан Жолдығали ақынның «Махаббат», Наргиза Айтжанқызы «Бәрі де» өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Сонымен қатар, кітапхана қорындағы бар әдебиеттермен жасақталған кітап көрмесін кітапханашы К.Сатаева таныстырса, кешті ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі Г.Айсағалиева қорытындылап, оқушыларға аудандық орталық кітапхана атынан кітап табыс етті. Меңдекеш ақынның 85 жылдығына арналған шара Көздіғара мен Қосқұлақ ауылдық кітапханаларында жалғасын тапты. Бұл ретте, «Талғампаз ақын» атты естелік сағаты мен «Ақын жыры өміршең» атты поэзия сағаты өткізілді. Алдымен кітапханашы Ләйләгүл Махан шараны ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат берсе, кітапханашы Алфия Оразақованың хабарлауымен, «Ауыл», «Қыздар», «Сол бір түн», «Нан», «Ажал аузында» атты топтамаларындағы өлеңдерін Айсезім Масқарқызы, Қарақат Жолдас, Нұртілеу Низами, Ақбаян Болат, Кәусар Жанболат сынды оқушылар мәнерлеп оқып берді. Әсіресе, «Ажал аузында» атты монологын ерекше оқыған Айсезім Масқарқызы ерекше әсер сыйлады. Шараны қорытындылаған кітапханашылар белсенділік танытқан оқушыларға «Қыр тынысы» кітабын сыйға тартты.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ