Сағыз ауылын мерейтойымен құттықтап келгендердің ішінде тек ақын, жазушылар ғана емес өнерімен өрген жүзген жұлдыздар да болды.
Жексенбі күні кешкілік орталық алаңда болған қорытынды концертті белгілі айтыскер ақын, бүгінде эстрада жанрында ән айтып жүрген Аян Сейітов ашты. Аянның лирикаға толы әндері Сағыз жұртына мерекелік көңіл күй сыйлады. Әсем әнді одан әрі жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров жалынды жырларымен жалғап, Сағыз ауылының сексен жылдығына орай жүрекжарды лебізін тамаша жырмен жеткізді. Ән мен жыр қатар өрілген кеште қазақы дәстүр қайта жаңғырғандай болды. Олай дейтін себебіміз ән кеші өтіп жатқан сахнада Әмір Дүйсенберді атты баланың тұсау кесу рәсімі өтті.
Баланың тұсауын кесу құрметі дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, самбо күресінен Азия чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белгілі балуан Наурызбек Майлашевке берілді. Қазақы дәстүрге куә болған көпшілік «Балаға Наурызбектің жолын берсін» деп тілек тіледі. Бұдан соң сахнаға халықтың сүйікті әншісі, белгілі эстрада жұлдызы Әбдіжаппар Әлқожа шықты. Алдымен Аян Сейітов екеуі дуэт болып ән шырқап, артынша өзінің жеке әндерін орындаған Әбдіжаппарға халықтың ықыласы ерекше болды.
«Махаббатсыз өмірді кім сүрмек», «Осылай бола ма?», «Ұрланған ән», «Менсінбей жүргенің не?» сынды танымал әндерімен қатар, жаңа әндерін де шырқаған әнші осылайша сағыздық ағайынға ұмытылмастай кеш сыйлады. Әбдіжаппардың ән кешінен кейін сахна төріне көтерілген кәсіпкер Балташ Қоразова жерлестерін мерейтоймен құттықтап, ауылға келіп өнер көрсеткен ақындар Аян Сейітов пен Шалқарбай Ізбасаровқа қазақы дәстүрмен шапан жауып құрмет көрсетті.
Дулат БЕРІК