«Ел іші – өнер кеніші» демекші небір жезтаңдай әнші де, он саусағынан өнер тамған ісмер де қарапайым ауыл тұрғындары арасынан шығатындығы сөзсіз. Оған «Арман» мәдениет үйі мен Миялы ауылдық округі ұйымдастырған «Ауылым – алтын бесігім» атты көшеаралық өнер фестивалі дәлел. Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде аталмыш фестивальдің қорытынды кеші өтті.
Шараны құттықтау тілекпен ашқан Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықов:
– Ауылымызда ұйымдастырылған көшеаралық фестиваль округтің тек экономикалық жағынан емес, мәдени тұрғыдан да дамып келе жатқандығын көрсетті. Бұл фестивальға барлық көше өте белсенді түрде қатысты. Кішкентай мектеп оқушысынан бастап зейнеткер аға-апаларымыз да бар өнерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан бөлек осы фестиваль аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі сауда орындарын» арнайы құрылған комиссиямен анықтады. Осы орайда, фестивалға қатысушылардың бәріне алғысымды айтамын, - деген ол,
артынша «Үлгілі үй» номинциясымен Амангелді Ермағанбетовты, «Үлгілі аула» номинациясымен Нәби Бисенғалиевті, «Үлгілі сауда орны» аталымы бойынша Сейілхан Бекешовты марапаттады.
Бұдан соң Миялы ауылдық округі әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Мақсат Төкенов, комиссия тобының мүшесі Жеңісбек Қонысов, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ризабек Амантай, «Арман» мәдениет үйінің әншісі, комиссия тобының мүшесі Зәуре Жұмағалиевалар фестивальға белсене қатысқан барлық көше тұрғынына диплом және естелік сыйлық табыстады. Сонымен қатар, кеш барысында Нұржамал Иманғалиева, Зәмза Дәукенова, Ақбөбек Үмбетжанова, ағайынды Кәусар, Жұлдыз Төремұратовалар, Сымбат Абатқызы, Райхан Шәутікенова, Мейрамгүл Болатқызы, Дана Мәделбековалар күмбірлете күй тартып, әсем ән шырқап шара шырайын кіргізе түсті.
Дулат БЕРІК