Бүгін Атырауда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен ғалымдар, сондай-ақ ақынның туыстары мен ізбасарлары қатысты. Конференцияның басты мақсаты – ел мұраты жолында өмірін арнаған тұлғаның есімін жаңғыртып, мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру. Модератордың кіріспе сөзінен кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Құттықтау хатын министрліктің «Геральдикалық зерттеулер орталығының» басшысы Шерхан Талапұлы жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов те жылы лебізін білдірді. Конференция аясында ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының “Ұлт ұраны және Ұлы ақын” атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер лентасын автордың өзі, Мереке Құлкенов және ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова қиды. Жиын соңында конференция қаулысы қабылданып, онда Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» құру, «Жұмекен оқуларын» жыл сайын ұйымдастыру, сондай-ақ ақынның шығармашылығын әлемдік деңгейде насихаттау туралы ұсыныстар енгізілді.