Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Ақ сұңқардан» бас жүлдені еншіледі

Жақында Атырау қаласында «Art rainbow Халықаралық өнер бірлестігі» ұйымдастырған IV«Ақ сұңқар» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестиваль-конкурсы болып өтті.

Ондағы мақсат – дарынды жас орындаушыларды қолдап, өнерге жақын оқушылардың арасында достық қарым-қатынастың орнауына ықпал ету, қоғам назарын музыкалық білім беру мәселелеріне тарту. Конкурсқа домбыра, шертер, домбыра-прима, қобыз, қылқобыз, дәстүрлі ән, көркем сөз, хор, академиялық вокал, эстрадалық вокал, баян, фортепиано, ансамбль, хореография номинациялары бойынша Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Атырау облыстарынан барлығы бес жүздей балалар мен жасөспірім қатысты. Оның ішінде, Қызылқоға ауданының А.Өміров атындағы балалар саз мектебінің қырықтың астам оқушысы бар. Әрине, бұл қатысқан оқушылардың барлығы жүлделі орынға ие болды. Атап айтсақ, құрамында жиырма бала өнер көрсеткен «Жұлдыз» би тобы «Африка» биімен бас жүлдені жеңіп алса, домбыра аспабымен Самат Дастан (жетекшісі Сәндігүл Дәуленова), мектеп оқушыларының ұлттық аспаптар ансамблі (жетекшісі Бауыржан Куаналиев), хореография бойынша (жеке биден) Айару Кенжебайлар І орынды еншіледі. Сондай-ақ, баян аспабымен қатысқан Ернар Асылбекұлы (жетекшісі Гаухар Абдрахан), фортепианодан қатысқан Ақансері Оңберген (жетекшісі Дана Бекқұлова), академиялық вокалдан Селбай Нұрболат (жетекшісі Бақыт Алибаева), эстрадалық вокалдан Сәлімжан Камила (жетекшісі Бақыт Алибаева) ІІ орынды иемденсе, аспапта ойнау номинациясы бойынша баян аспабынан Әбдікәрім Серікқалиұлы (жетекшісі Гаухар Абдрахан), домбырадан Ақан Жолдығали, Қарақат Ерденқызы (жетекшісі Әлия Мекебаева), хореография бойынша (жеке биден) Кенжебай Айғаным (жетекшісі Рысбике Ізбасова), топтық биден «Сағыз маржандары» би тобы (жетекшісі Баршагүл Мәлікова), академиялық вокал бөлімінен Жеткізген Әсемханым (жетекшісі Бақыт Алибаева) ІІІ орынды иеленді. Бұған қоса, оқушылар мен олардың жетекшілері дипломдармен және медальдармен марапатталды. Осы тұста, А.Өміров атындағы балалар саз мектебінің директоры Сәндігүл Дәуленова:

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының екінші бөлімі «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталып, онда «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін, сонымен қатар, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасы – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттігін айтқан болатын. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың дәстүрлі әндер мен көне музыкалық аспаптарды қолдануы және оған деген сүйіспеншілігін арттыруда осындай байқаулардың маңызы зор. Ал, бағдарламаға келсек, өте керемет әрі қазақ руханияты мен мәдениеті үшін қажетті бағдарлама деп білемін. Өз кезегімізде біз, сол ұлттық аспаптар мен мәдениетіміз туралы бар білгенімізді ұрпаққа үйретіп, жаңа үлгіде санасына сіңіру жұмысымен айналысуымыз керек, – дейді.

Иә, оқушылардың өнерге деген қызығушылығы, байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болу үшін бәсекелес болуы тиіс. Ал, ол болса оқушыда талпыныс туатыны сөзсіз. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» – деп Абай атамыз айтқандай, оларды өнердің қыр-сырына қандырып, қызығушылықтарын арттырып, еңбекке баулып келе жатқан ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521