Бүгін Медбикелер күні. Мейірбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне деген адалдық пен науқастарға жауапкершілікпен қарау. Бұл ретте ол науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Сол жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Шүйінішбаева Гүлшара Қабыланқызы.
1964 жылы Миялы ауылында дүниеге келген ол бала күнінен ақ халатты абзал жан болуды армандап, орта мектепті бітірген соң, Атырау медициналық колледжіне оқуға түсіп, алғашқы еңбек жолын Қызылқоға аудандық ауруханасында бастайды. Ұзақ жыл сол ауруханада еселі еңбек етіп, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосып, зейнеткерлік демалысқа қадам басып отыр. Бала күнінен жаны жабырқағанға қол созып, қамқор болуды санасына тоқып өскен кейіпкеріміз мамандық таңдағанда жаңылыспаған.
– Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істедім.Талай рет дәрігер болмаған жағдай да дәрігерлік қызметті атқардым. Баласының жанына шипа іздеген аналардың алғысын алдым. Бұл салада ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болу маңызды. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Дей тұра мамандығыма деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Дертіне дауа іздеген жандар өз алғысын айтқанда бар шаршағаныңды бірден ұмытып кетесің. Ауруынан айығып, жақсарғанын көргенімде жұмысыма деген құлшынысым одан әрі арта түседі. Әлемдегі ең мейірімді мамандық иесі атанғанымды мақтан тұтамын. Қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы қарапайым еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді ол.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Ақ халатты абзал жан адамзаттың саулығы үшін аянбай қызмет етті. Қызметінде жемісті еңбек етіп, адамгершілігі мол маман болып қалыптасқан Гүлшара өмірлік серігі Манатпен бірге жарасымды отбасында ұл- қыз тәрбиелеп, одан немере қызығын көріп отыр. «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаса керек. Біз де жүрегі жомарт, көңілі дария, науқастарға сөзімен де, ісімен де шипа бола білген мейірбан жүректі медбике Гүлшара Қабыланқызының алдағы уақытта да абыройы асқақтап, мерейі үстем болуына тілектеспіз.
Бағыт ҒАНИҚЫЗЫ