Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚЫЗЫЛҚОҒАЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР САҚАДАЙ САЙ

Төтенше жағдай жариялануына байланысты, аудандық орталық ауруханадан мән жайды білдік.

Аурухана күндегіше, бір қалыпта жұмыс жасауда.Кіре беріс дәліздегі ЛЭД экранда короновирустың алғашқы белгілері мен одан сақтану жолдары көрсетілген бейне ролик қосылып тұр.

Аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбай:

– Қазіргі таңда елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты біз де шұғыл әрекет етудеміз. Аурухана ұжымы мен ауылдық округтердегі дәрігерлерді жинап, төтенше жағдайда жасалатын жұмыстарды пысықтап отырмыз. Бір көңіл көншітетіні – ауданда короновирус белгілері бар науқастар тіркелген жоқ. Дегенмен, оған тоқмейілсіп отыруға болмайды. Егер ауру белгілері бар адамдар анықталса, 10 керуеттік жұқпалы аурулар бөлімін барлық керекті құралдармен бірге дайын тұр. Сондай-ақ, жағдай ушығып бара жатса Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясынан да қосымша орындар дайындап қойдық. Қалыпты жағдайда үш айға, төтенше жағдай кезінде бір ай жарымға жететін дизенфекциялау ерітінділері бар. Одан бөлек үш мың дана медициналық маска қосымша қор есебінде сақтаулы. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Егер бітіп жатса кез келген уақытта алдырамыз. Себебі, бұрын дәрілерді мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 1-2 айда әрең алсақ, төтенше жағдай кезінде қажетті дәріні бір күннің ішінде ала аламыз. Сонымен қатар, 22 дана вирус кезінде киетін қорғаныш киіміміз бар. Қорыта айтқанда, аудандық аурухана ұжымы төтенше жағдайға сақадай сай. Әр қызметкер өз жұмысын біледі, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Осы орайда, 17 наурыздан бастап аудандық аурухана карантинге жабылғанын айта кетейін. Барлығы да қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шаралар. Алайда, осындай жағдай болды екен деп дүрбелеңге салынбауға шақырамын. Егер ауру белгілері байқалса бірден жедел жәрдем бөліміне хабарласқан дұрыс,-дейді.

Жалпы, аудандық орталық ауруханаға баласын қаратуға келген Арайлым Жолдыбаева:

– Балам аздап қызулағасын алып келдім. Ауруханадан біраз оң өзгерістер байқадым. Мысалы, бұрын дәрігерге кірерде кезек күтіп сарылсақ, қазір алдын ала жазылып, электронды кезек алып кіре беруге болады екен. «Төтенше жағдай» деп дүрлігіп жатқан ешкімді көрмедім. Қайта баламды қараған дәрігер «Көп ешқайда шықпаңыз, қолыңызды жиі жуыңыз» деп, өзіме де қосымша кеңестерін берді. Жұмысым да тез бітті. Баламды 10 минутта қаратып, үйге қайтып барамын, - десе, сағыздық Ержан Келдібаев сырқаттанып жанына дауа болған дәрігерлердің жұмысына ризашылығын жеткізді.

Дәріханаларда маска тапшы

Төтенше жағдай жарияланғалы жұрттың ең көп баратын жері дәріхана екені түсінікті.

Осы орайда, «Ақниет» дәріханасының сатушысы Батима Қожырбаеваның айтуынша, қазіргі таңда медициналық маска бітіп кеткен. Соңғы рет бір апта бұрын 20 теңгеден сатылған. Ал, халықтың ең көп сұрайтын фурациллин, асперин, терафлю, антисептиктер бар. Алайда, жұрт жиі пайдаланатын парацитомолл мен оксолин мазы жоқ. «Муслим» дәріханасында да осындай жағдай. Дегенмен, бұл дәріхана тұрғындарды медициналық маскамен қамтамасыз етуге барынша тырысуда.

- Ақтөбе қаласынан 120 теңгеден көтерме бағамен алып, 150 теңгеден сатылуда. Бірақ, келген маскалар бір күнге жетпей өтіп кетуде, - дейді сатушы.

«Коника» фото салонындағы «ИП Утепова» дәріханасындағылардың айтуынша, сұраныс берілгенімен ешбір жерден медициналық маска ала алмай отыр. Қолда бар дәрілерді барынша үйлестіруде. Сондай-ақ, дәріні зейнеткерлер мен көп балалы аналарға 10 пайыз жеңілдікпен сатып отырған жалғыз дәріхана екендігін айта кеткен жөн. Жалпы аудан орталығындағы алты дәріханада маска тапшы, ең қажетті дәрілерге кезек көп. Ал, дәріхана иелері «Осындай төтенше жағдайда мемлекет тарапынан субсидия беріліп, дәрілер жеңілдікпен сатылса, біз де бағаны түсіретін едік» деген ұсыныстарын білдіреді.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT