Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев 1 қыркүйек – Білім күніне орай №40 мектеп-гимназиясында өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты. Іс-шара барысында департамент басшысы жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларына ізгі тілегін жеткізді.
– Құрметті балалар! Бүгін сіздер жарқын болашаққа тағы бір қадам жасап отырсыздар. Алғашқы қоңырау сіздерге білім мен жетістікке бастайтын үлкен әлемнің есігін ашуда. Жаңа оқу жылында мол білім, жарқын жетістіктер мен қуанышқа толы сәттер тілеймін. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз бірінші орында, – деді Нұрхат Оразбаев.
Сонымен қатар, бас полицей бірінші сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, арнайы әзірленген «Жол ережелері» тақырыбындағы бояу кітапшаларын сыйға тартты. Ол балаларға мектепке барар жолда мұқият болуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Білім күніне орай қала мектептерінің маңында патрульдік жасақтар күшейтілді.