Жалпы тағамнан улану — бұл ас қорыту жүйесінің бұзушылығымен байланысты жіті ауру. Ол ағзаға ас арқылы түрлі микроорганизмдердің, көбінесе, бактериялардың түсуінен, кей жағдайларда бау бақша дақылдарындағы, жеміс-жидектердегі нитраттардың шамадан тыс көп мөлшерде болуынан пайда болады.
Тағамнан бактериологиялық улану- стафилококк, стрептококктар, ботулизм және ішек таяқшаларының жаппай көбеюі салдарынан туындайды. Адам ішінде қолайлы жағдайларда аурудың бастапқы кезінде қоздырғыш көбейіп, нәжісімен сыртқы ортаға бөлініп, топырақ, суды және тағыда басқа жерлерді зақымдап, белгілі бір уақытқа дейін өмір сүреді
Улану көбінесе жарамдылық мерзімі өткен сапасыз азық-түліктерден, дұрыс жағдайда сақталмаған, немесе санитариялық нормаларды сақтамай даярланған тағамдардан пайда болып жатады. Аурудың басты себебі — бактерия тасу, технологиялық үдеріс, азық-түліктерді дұрыс сақтамау себептерінен болады.
Ал нитраттан улану, бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей көкөністері, жеміс-жидектерде зиянкестерден қорғау мақсатында, өнімдерінің тез пісіп, ұзақ сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын, жеміс-жидектерді өсіруші шаруагерлердің нитраттарды көп мөлшерде қолдануынан, сол өнімді тұтынушы халықтың тамақтан улануына әкеліп соқтырады.
Тамақтан улану белгілерінің инкубациялық кезеңі 30 минуттан 24 сағат аралығында байқалуы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайларда улану белгілері 2-6 сағат аралығында айқын көрініп жатады. Науқастың бойында жүрек айну, құсу, диарея (іш өту), әлсіздік, ұйқы қашу, асқазан немесе ішек ауруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілу, жалпы көңіл күйі нашарлайды: артериялық қысым төмендейді, пульс жиілейді, кейде естен тану арқылы тырысулар пайда болуы мүмкін.
Сондықтан тамақтан улануды болдырмау үшін жеке тұрғындар және тамақ дайындайтын кәсіпкерлік субъектілері тамақтану гигиенасының, тағамды сақтау мен дайындаудың қарапайым ережелерін орындау қажет:
- қолды жиі жуу, әсіресе дәретханаға барғаннан кейін;
- тамақ дайындау кезінде бір рет қолданылатын резеңке қолғапты қолдануға болады;
- ас үй ыдысын, плитаны, үстелдің бетін, раковинаны, тақтайшаларды арнайы құралдармен жуу және таза ұстау;
- тамаққа қолданылатын өнімдерді өңдеу және сақтаудың барлық ережелерін сақтау тиіс;
- жаңа және дайын өнімдерді өңдеу үшін әр түрлі пышақ пен кесу тақтайларын пайдалану керек;
- өнімдерді жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау. Азық-түлік ашық жерде, еденде сақталмау тиіс;
- өнімдерді ауаның түсуінен барынша оқшаулап, ыдысты қақпақпен жауып, ыдыс-аяқ пленкамен жабылу қажет;
- қоқыс шелегін дезинфекциялау құралдарымен өңдеп, оны қақпақпен жауып, қоқыстан жиі босату керек;
- ұсақ туралған ет пен балықты суда ерітуге болмайды;
- барлық жұмыртқаның қабығын ас содасы бар жылы сумен жуыңыз.
- жеміс-жидектер мен көкөністерді сірке суы (1 литр суға 3-4 ас қасық) араласқан суға салып, содан кейін ағынды сумен жуу керек.
Тамақтан уланбау үшін азық-түлік сатып алғанда, сақтаған кезде және дайындаған мезетте алдын алу шараларын орындау қажет. Жазда азық-түлік өнімдерінің ластануына үлкен қауіп бар. Себебі шыбын-шіркейлер молаяды, олар микробтарды тасушылар болып саналады және күннің ысуы да себеп.
Сонымен қатар тез бұзылатын тағам өнімдері дүкендерде термометрмен жабдықталған тоңазытқыштың сөрелерінде сақталса, онда оның сақталуының нормалық температураға сәйкес келуіне назар аударған жөн. Дүкендерден майонез және қаймақпен әрленген, өлшеніп сатылатын салаттар жиі сатылып алынады. Ал біз тағамдарды сатып алудан бас тартудың екі себебі бойынша кеңес берер едік. Біріншісі, бәріне мәлім, супермаркеттерде аталған күрделі тағамдарды дайындауда құрамында сақталу мерзімі аяқталуға жақын, не өтіп кеткен өнімдердің қолданылуы мүмкін және де салат құрамы ингредиентінің қаншалықты қауіпсіз екендігін тексеру мүмкін емес. Екіншіден, мұндай салаттар қауіпсіз сақталу мерзімі уақытына сәйкес емес және ұзақ сақталуына байланысты, ауру тудыратын таяқшалардың кешені болып табылады. Сондықтан, тамақ дайындауға көбірек уақыт бөле отырып, өз жанұяңыздың денсаулығы үшін, балғын және қауіпсіз тағамдармен қамтамасыз еткендеріңіз жөн.
Ал енді тамақтан уланудың ауданымыздағы жағдайына келетін болсақ, соңғы 3 жылда аудан бойынша тамақтан улану фактілері тіркелген жоқ, алайда облыс бойынша тамақтан улану фактілері тіркелуде, оған мысал өткен аптада Атырау қаласында тез тағам дайындайтын кәсіпкерлік субъектілерінен алынған донерден 17 тамақан улану жағдайы тіркеліп отыр.
Сондықтан қоғамдық тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін ҚР ДСМ 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығымен бекітілген «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесіне» сәйкес эпидемиологиялық мәні жоғары объектілерге жататын қоғамдық тамақтандыру орындары жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қызметтен е-лицензия арқылы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу арқылы, ал эпидемиялық мәні болмашы объектілер объектісін санитариялық талаптарға сәйкестендіріп алып, объектісінің жұмысының басталатындығы жөнінде жергілікті санитариялық - эпидемиологиялық қызмет орнына е-лицензия арқылы хабарлама беруі қажет.
Сонымен қатар осы қоғамдық тамақтандыру орындарына жұмыс жасайтын қызметкерлер медициналық тексеруден өткен, санитариялық кітапшалары болуы тиіс.
Салауатты өмір салтын сақтап жүрейік! Тағамнан уланудың алдын алу шараларын қатаң сақтап, ауырмаудың жолын іздеу өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!
Н.Мақсотова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
басқармасының басшысы