Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕРЕЙДІ ӨСІРГЕН МАРАФОН ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отыр

Жақында Миялы ауылында ауданның құрылғанына 75 жыл және Жастар жылына орай аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Миялы марафон-2019» жарысы өтті.

Жангелдин мен Миялы ауылы арасындағы жалпы қашықтығы 12 шақырымды құраған марафонға Ресей елінің Астрахань, еліміздің Ақтау, Атырау қалаларынан және Мақат ауданы мен өзіміздің ауданның ауылдық округтерінен ерлерден 94, әйелдерден 19, барлығы 113 марафоншы қатысты. Алдымен жарысқа қатысушылар таңғы сағат тоғыздан бастап «Жастар» паркіне келіп, тіркеліп, арнайы ұйымдастырылған көліктермен Жангелдин ауылы маңындағы жарыс басталатын сөреге жеткізілді. Сол жерде марафонның ашылу салтанаты өтіп, онда сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиев қатысушыларға жарыстың мақсаты мен ережесін түсіндіріп, сәттілік тіледі.

mor2

Ал, сағат 11:00-де белгі беріліп, жарыс басталды. Марафон басталған сәтте барлығы дерлік алға ұмтылып, көш бастауға тырысты. 800 метр қашықтыққа дейін ешкім суырылып алға шыға қоймады. Тек бір шақырымнан асқаннан кейін көшбасшылар іріктеле бастады. Негізгі топтан жеке дара бөлініп шыққан бес жүйріктің ішінен астрахандық марафоншы қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Басты бәсекелестерінен ұзап кеткен ол сол кеткеннен ешкімге қарасын көрсетпеді. Ал, қалған қатысушылар күміс пен қола медаль үшін таласқа түсті. Қыздар арасында басты бәсеке жангелдиндік арулар арасында өрбіді. Жарыс нәтижесінде ерлерден 12 шақырымды 42 минутта жүгіріп өткен Астрахань қаласынан келген қандасымыз Базарбай Дауталиев бірінші орынды жеңіп алса, одан үш минутқа қалып қойған атыраулық Жоламан Дәуір екінші орынды иеленді.

Ал, үздік үштікке мақаттық желаяқ Парасат Құлмұханов қол жеткізді. Жарыстың төртінші, бесінші, алтыншы орындарына Атырау, Ақтау қаласы мен Мақат ауданының желаяқтары ие болды. Ал, марафонға қатысқан қызылқоғалық ерлердің ішінде жоғары нәтижені қаракөлдік Бейбарыс Елтай көрсетті. Ол мәре сызығын сегізінші болып кесіп өтті. Есесіне қыздар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда қыздар арасында бірінші орынды Нәзира Жәрдемғалиева, екінші орынды Бибінұр Мақсот, үшінші орынды Аружан Алтыбайқызы жеңіп алды. Бұлардың барлығы да Жангелдин ауылының спортшылары. Мәре сызығын төртінші болып миялылық Қарақат Амандық кессе, бесінші орынға ойылдық Амангүл Сейтқалиева табан тіреді. Алтыншы орын тағы бір жангелдиндік ару Толғанай Боранбаеваға бұйырды. Жарыста алдыңғы орыннан көрінген алты желаяққа қомақты ақшалай жүлде табыс етілді.

mor3

Атап айтқанда, бірінші орынға 100 мың теңге, екінші орынға 70 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берілсе, төртінші, бесінші, алтыншы орын алғандарда да ынталандыру жүлдесіне ие болды. Ал, жарыстың «Ең үлкен қатысушысы» болып 61 жастағы Рамазан Асауов, «Ең жас қатысушы» болып 11 жастағы Ғибрат Қабдолмәжитов танылып, 10 мың теңге сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, мәре сызығын кесіп өткен барлық қатысушылар естелік медальмен марапатталды. Ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл марафонға қатысушылар жарыстың тартысты әрі жоғары деңгейде өткенін айтып, алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT