Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау және каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басым міндеттерінің бірі балалардың денсаулығын сақтау және мектеп медицинасын дамыту болып белгіленді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейтінін, олардың әрқайсысы емханаға бекітілгенін хабарлады. Бүгінгі таңда 95% медбикелермен қамтамасыз етілген.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша оқушылардың 90%-ы профилактикалық тексеруден өтті, бұл өткен жылғы деңгейден 9%-ға жоғары. Балаларды динамикалық бақылаумен қамту 3%-ға өсті. Көбінесе ас қорыту, көру, тыныс алу ағзаларының аурулары, сондай-ақ стоматологиялық проблемалар анықталады», - деп атап өтті министр.
Мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде медбикелерге жүктемені азайту, ірі мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашу, МСАК жанынан бөлімшелер құру, сондай-ақ кәсіптік қарау тәртібін қайта қарау және мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі шаралар көзделген.
Цифрландыру вакцинация мен тексерулерді автоматтандыруды, өтініштерді онлайн-тіркеуді, eGov және СМС арқылы 1414-ке ата-аналармен байланысты, «Күнделік», «Bilim.Class», «Білімал» «EDUS.Mektep» платформаларымен интеграцияны қамтиды.
Басқа ведомстволармен бірлесіп «Денсаулық сабақтары», жарақаттанудың алдын алу жөніндегі жол карталары, «Денсаулыққа ықпал ететін мектептер» бастамасы және 2030 жылға дейінгі мектеп медицинасын ғылыми зерттеу жобалары іске асырылуда.