Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Медициналық сақтандыру: Атырау облысы тұрғындарының 12,8 пайызы сақтандырылмаған

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХV сессиясы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен сессия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының қызметі, Атырау облыстық мәслихатының 2012 жылғы 28 наурыздағы №28-V «Атырау облысы әкімдігінің дербес құрамы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы және облыстық мәслихатының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №105 «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», облыстық мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері сөз етілді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизовтің мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдаймен республика бойынша сақтандырылмаған азаматтардың саны 18,7 пайыз болса, Атырау облысы бойынша 12,8 пайызды құрап отыр.

- Жыл басында сақтандырылмаған азаматтар саны 90 898 адам болса, бүгінгі күні 84 517 болып тұр. Жалпы республика бойынша сақтандырылмаған азаматтар санының ең азы біздің өңірімізде. Ең көп сақтандырылмаған азаматтар Құрманғазы, Исатай аудандары және Атырау қаласында болып отыр, -дейді Б.Ғазизов.

Сонымен қатар, өңір бойынша I-жарты жыл ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шарттары бойынша 163 млн 15 мың 576 теңгенің 22 021 ақаулығы анықталған. Өңір басшысы мұндай олқылықтарды жою үшін нақты шараларды қолға алу керектігін айтты.

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын жақсарту жөнінде ұсыныс-пікірлер депутаттармен бірлесіп, заң аясында қаралсын. Тариф, мониторинг мәселерінде ақау болмауы қажет. Кей медицина ұйымдарының тұрғындарға көрсеткен қызметтерінің қаражаты көрсетілмеген. Бұл қызметтің артында медицина қызметкерлерінің жалақысы және дәрі-дәрмек бағалары тұр. Сондықтан бұл істі күшейтуді тапсырамын,- деді Серік Шәпкенов.

Жиын соңында өңір басшысы көтерілген мәселердің маңыздылығына тоқталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын күшейтуді тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521